Министрлік Сауле Базархан қайтыс болған клиника туралы мәлімдеме жасады

26.05.2026 11:38 Мөлдір Қайнар
Министрлік Сауле Базархан қайтыс болған клиника туралы мәлімдеме жасады
170
Фото: istock

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Сәуле Базархан көз жұмды делінген пластикалық хирургия клиникасына қатысты тексеріс осы аптада басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

 Оның айтуынша, қазір тексеруді прокуратурада тіркеу рәсімдері жүріп жатыр.

Сонымен қатар комитет басшысы 2020 жылы дәл осы мекенжайда жұмыс істеген клиникада липосакциядан кейін төрт баланың анасы қайтыс болғанын растады. Ол кезде медициналық мекеме басқа атаумен жұмыс істеген.

“2020 жылы онда адам өлімі тіркелді. Сол оқиғадан кейін санитарлық қорытынды кері қайтарылып, лицензияны тоқтату үшін сотқа жүгінген. Нәтижесінде клиника пластикалық операция жасау құқығынан айырылған”, – деді Жүсіпов.

Кейін жаңа заңды тұлға тіркеліп, клиника қайта лицензия алып, сол мекенжайда басқа атаумен жұмысын жалғастырған. Комитет төрағасының сөзінше, заң бойынша лицензия талаптарына сай келген медициналық ұйым қайтадан қызмет көрсете алады.

Министрлік мәліметінше, қазір Қазақстанда пластикалық операция жасауға лицензиясы бар 295 клиника бар. Соңғы бес жылда мұндай мекемелерде 92 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, лицензиялық талаптарды бұзу мен рұқсатсыз қызмет көрсету фактілері анықталған.

Бауыржан Жүсіпов енді пластикалық хирургия клиникаларына бақылау күшейтілетінін айтты. Сондай-ақ министрлік клиникаларды әр бес жыл сайын қайта лицензиялау мәселесін қарастырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий