Пластикалық отадан кейін қайтыс болған депутат ісінде жаңа деректер шықты

26.05.2026 10:53 Мөлдір Қайнар
Пластикалық отадан кейін қайтыс болған депутат ісінде жаңа деректер шықты
218
Фото: коллаж politico.kz

Ақтауда пластикалық операциядан кейін қайтыс болған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz Smartnews.kz басылымы на сілтеп.

Марқұмның отбаcы мен адвокаты клиника қызметкерлерінің ғана емес, тергеу органдарының әрекетіне де күмән келтіріп отыр.

Адвокат Алдырза Қуанышкереевтің айтуынша, Ербол Айтуов сәуір айында мойын мен иек тұсындағы артық майды алдыру үшін “Қасиет” медициналық орталығына барған. Алайда наркоз салынғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Кейін ол Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында көз жұмды.

Отбасы операция алдында толық медициналық тексеру жүргізілмегенін алға тартады. Сонымен қатар адвокаттың сөзінше, пациентте операция жасауға қарсы көрсетілімдер болған және анестезияға ресми келісім алынбауы мүмкін.

Қорғаушы клиниканың лицензиясына қатысты да күмән барын айтты. Оның мәліметінше, медициналық орталықта дәл осы мекенжай бойынша “анестезиология және реаниматология” қызметін көрсетуге қажетті лицензиялық қосымша болмаған. Осыған байланысты операциялық және жансақтау бөлімдерінің талапқа сай жұмыс істегені күмән тудырып отыр.

Адвокат тергеу жұмыстарына да наразылық білдірді. Оның айтуынша, мәйіт туыстарына сот-медициналық сараптамасыз берілген. Сондықтан енді нақты өлім себебін анықтау үшін марқұмның денесін эксгумациялау мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Айтуовтың жақындары кінәлілерді Қылмыстық кодекстің 317-бабы — медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы бойынша жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Ал “Қасиет” медициналық орталығы тағылған айыптарды жоққа шығарды. Клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиев мекеменің 2015 жылдан бері жұмыс істейтінін және хирургия, анестезиология, реанимация мен стационарлық көмек көрсетуге қажетті барлық лицензиясы бар екенін мәлімдеді.

Клиника ұсынған нұсқа бойынша, операция басталмай қалған. Дәрігерлердің айтуынша, наркоз енгізілгеннен кейін пациенттің қан қысымы 210–220 көрсеткішіне дейін көтерілген. Осыдан кейін операция тоқтатылып, бірнеше сағат бойы жағдайын тұрақтандыруға әрекет жасалған. Кейін жедел жәрдем шақырылып, облыстық ауруханада инсульт диагнозы қойылған.

Артур Тәжиев Ербол Айтуовтың өзінің жақын досы болғанын айтып, бұған дейін де осы клиникада пластикалық операция жасатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол “таныстықпен операция жасалды” деген әңгімелерді жоққа шығарды.

Қазір тергеу барысында науқастың жағдайының күрт нашарлауына нақты не себеп болғаны — дәрігерлік қателік, анафилактикалық реакция, қосымша аурулардың асқынуы немесе өзге факторлар анықталмақ. Іс прокуратураның бақылауына алынған.

Войдите, чтобы оставить комментарий