«Күрекпен басы мен қарақұсынан ұрған». Зерттеуші әскерилердің желтоқсаншыларды қалай азаптағанын айтты
Мемлекет қайраткері, «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі Желтоқсан оқиғасын зерттеуші Болатбек Төлепберген аталған тарихи оқиға кезінде қазақ жастарының көрген қысымы мен қиындықтары туралы баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сондай-ақ ол көптеген желтоқсаншының өліміне қатысты деректер әлі күнге дейін толық ашылмай, құпия күйінде қалып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
«1986 жылғы 18 желтоқсан күні кешкі сағат сегізде «Метель» шұғыл жоспары іске асырылды. Бұл операцияның екінші күні. Сол күні алаңда Ербол Сыпатаев сапер күрегінен бас сүйек жарақатын алып, ауруханаға қансыраған күйде жеткізілді. Ол төрт-бес күн комада жатып, қайтыс болды. Ерболдың өлімі — алаңдағы қантөгістің нақты айғағы. Одан бөлек, Қайрат Рысқұлбековті жақсы білесіздер... Қамауға алынып, кейін түрмеде белгісіз жағдайда көз жұмды. Сондай-ақ Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхаметжанова есімді қыздарымыз да осы оқиғаның құрбаны болды. Ләззат Асанова өлімінің де құпиясы көп. Жап-жас өрімдей қыздардың алаңға шыққаны үшін тергеу-тексеру кезінде көрген қысымы зор болды. Бұл қайғылы жағдайды сол жанкешті тергеу амалдары мен қысымға шыдамаудың, намыстың салдары деп те қарастыруға болады. Түрлі болжам бар. Сәбираның қазасы да Желтоқсанның қысымынан болды. Тергеушілердің өте қатал, мейірімсіз әрекеттері, ұрып-соғу мен тергеу кезіндегі қысымдары жас қызды өлімге итермеледі», — деді Болатбек Төлепберген.
Сондай-ақ ол қазақстандық тергеушілердің отандастарына жанашырлық таныту мүмкіндігін ескеріп, сол кездегі "биліктің" тергеу тобын негізінен сырттан алдыртқанына тоқталды.
«Өйткені Қазақстанның өз тергеушілері болса, қанша дегенмен бауырмалдық, жанашырлық танытып, бұл жағдайға бармас еді. Билік осыны ескеріп, халыққа жаны ашымасын деген мақсатпен тергеу тобын негізінен Ресейден алдыртты. Желтоқсан құрбандары туралы айтқанда, алаңда алған ауыр соққылардан мүгедек болып қалған жастарды да ұмытпауымыз керек. Олардың көбі өз ауылына, туған жеріне кеткеннен кейін де алған жарақаттарынан қайтыс болды. Кейін осы мәліметтер бойынша іздестіру шаралары жүргізілгенде, сол кездегі қатал тергеудің салдарынан халық бұл жағдайды ашық айтуға қорыққаны, жария еткісі келмегені анықталды», — деді зерттеуші.
Мұнымен қоса, Болатбек Төлепберген әскери құрылымдардың алаңға жиналған жастарды тарату кезінде қандай әдіс-тәсілдер қолданғанын және оларды қалай жаныштағанын баяндады.
«Ол кезде Бішкек, Ташкент, Новосибирск, Свердловск қалаларынан әскерилер ұшақтармен жедел жеткізілді. Олар мұздай қаруланған, қолында сапер күректері бар еді. Оларға алаңды қалайда тазарту туралы бұйрық берілді. Осының салдарынан алаңда үлкен қақтығыс болды. Жауынгерлер аяушылықты білмеді, олар «ұрып-соқ, қандай әдіс болса да қолдан, тек алаңды босат» деген тапсырманы орындады. Ербол Сыпатаевтың жағдайынан-ақ олардың қандай қатыгез әдістерді қолданғанын көруге болады — басынан, қарақұсынан ұрған. 17 желтоқсан — оқиғаның алғашқы күні болатын. Кешкі сағат 11-ге дейін жастарға үгіт-насихат жүргізіліп, мінберден белгілі тұлғалар, Қазақстан билігіндегі басшылар келіп сөйледі. Бірақ жастар олардың сөзіне иланбаған соң, сағат 11-дің шамасында алаңды күшпен тазарту туралы бұйрық берілді. Қарулы әскер алаңды аяусыз тазартты, қашқандардың артынан түсіп, кәдімгідей "аулады". Иә, осындай аяусыз жаншытуға қарамастан, 18 желтоқсан күні таңғы сағат 9-да жастар алаңға қайтадан жинала бастады. Әскерилер оларды қоршауға алып, таратуға тырысқанымен, жастар шегінбеді. Лек-легімен келген халық әскердің қоршауын бұзып, алаңды қайтадан толтырды», — деді зерттеуші.
Соңғы жаңалықтар