Күйеуімен арасын сақтап қалу үшін анасы үш қызын өлтіріп тастады

Грекияда 9 жасар қызын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Рула Писпиригу қосымша екі өмірлік жазаға кесілді. Бұл туралы POLITICO.KZ. CBS News деректеріне сүйене отырып хабарлайды.
Афины соты Писпиригудың 2019 және 2021 жылдары өз қыздары Малена мен Ириданы тұншықтырып өлтіргенін анықтады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол осылайша күйеуінің өзін тастап кетуіне жол бермеуге тырысқан.
"Сот процесі оның кінәсі жөніндегі барлық күмәнді жойды", – деп мәлімдеді Писпиригудың бұрынғы күйеуі Манос Даскалакистің адвокаты Ева Амбази.
Сот 36 жастағы Писпиригуды екі қызын қасақана өлтіргені үшін айыпты деп танып, оған екі қосымша өмірлік жаза тағайындады. Алайда ол өз кінәсін мойындамай, үкімге қарсы шағымданатынын мәлімдеді.
Грекияның ERT мемлекеттік телерадиокорпорациясының хабарлауынша, сот отырысында Писпиригудың бұрынғы күйеуі Манос Даскалакис пен оның туыстары болған.
2024 жылдың наурыз айында өткен бөлек сот процесінде Писпиригу өзінің 9 жасар қызы Джорджинаны өлтіргені үшін кінәлі деп танылған еді. Осыдан кейін тергеу қайта жүргізіліп, Малена мен Ириданың да тұншықтырылып өлтірілгені анықталды. Бұл жаңалық оның қосымша жазаға тартылуына негіз болды.
Соңғы жаңалықтар





