Лавров КҚК нысандарына жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді

03.02.2026 12:02 Арман Ермеков
Лавров КҚК нысандарына жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді
333
Фото: РФ СІМ

Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 2025 жылғы дипломатиялық қызметтің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында өзекті сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесуде Украина төңірегіндегі жағдай, халықаралық қауіпсіздік, ТМД елдерімен арадағы қарым-қатынастар және т.б. сұрақтарға жауаптар айтылды. Соның бірінде Ресей министрі Қара теңіздегі Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлер мен Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға тоқталды.

«КҚК (Каспий құбыр консорциумы) инфрақұрылымының негізінен Қазақстан экономикасы үшін жұмыс істейтіні, қазақстандық мұнай экспортының негізгі бағыттарының бірі болып табылатыны және шетелге жұмсалатын жөнелтілімдердің 80%-дан астамын қамтамасыз ететіні баршаға мәлім. Ал ресурстарды алушылар – АҚШ, Ұлыбритания және Италияның ірі энергетикалық компаниялары. Мұндай жағдайда Киевтің КҚК нысандарына жасалған шабуылдарды өзін-өзі қорғау деп түсіндіруге тырысуы немесе оларды мүлдем мойындамауы сын көтермейді, тіпті келемеж болып естіледі. Осылайша, В.Зеленский өзінің батыстық демеушілерінің коммерциялық мүдделеріне қол сұғып отыр. Вашингтон, Лондон және Рим бұдан тиісті қорытынды шығарады деп үміттенеміз.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің 2025 жылғы 30 қарашадағы және 2026 жылғы 14 қаңтардағы мәлімдемелерінде КҚК-ға жасалған шабуылдарға қатысты білдірілген терең алаңдаушылығына таңғалмаймыз. Көмірсутектерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажеттігі туралы одақтастарымыздың пікірін толықтай қолдаймыз, бұл біздіңше, Киевтің қылмыстық режимін сабасына түсіруі тиіс. Астананың болашақта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін бірлескен қадамдар жасаудың қажеттілігі туралы тезисін қолдаймыз», – деді Сергей Лавров.

Сонымен қатар Лавров Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанын хабарлады. Өткен жылы Душанбеде өткен «Орталық Азия – Ресей» саммиті және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған мемлекеттік сапары екіжақты байланысты дамытуға үлес қосқан.

Сондай-ақ Қазақстан мүше болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылды. Сергей Лавров Ресейдің биылғы ҰҚШҰ-дағы төрағалығы кезінде осы бағыттағы координциялық кеңестің жұмысын күшейтуге ниетті екенін жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий