LRT қарызын өтеуге үкімет резервінен 10,2 млрд теңге бөлінген

03.06.2026 13:13 Абзал БАХЫТЖАНОВ
LRT қарызын өтеуге үкімет резервінен 10,2 млрд теңге бөлінген
68
Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Жоспарлы бюджетте алдын ала қарастырылуы тиіс болған Астанадағы LRT құрылысының қарызын өтеуге үкімет резервінен 10,2 млрд теңге бөлінгенін Жоғары аудиторлық палата анықтады, деп хабарлайды BES.media басылымы.

Ведомствоның 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебінде аталған қаражаттың шұғыл шығындар қатарына жатпайтыны нақты көрсетілген. Аудиторлардың мәліметінше Астана әкімдігі елордалық жеңіл рельсті көлік құрылысын қаржыландыру мақсатында АХҚО биржасында 440 млн доллар сомасына City Transportation Systems серіктестігінің облигацияларын сатқан. Мемлекет кепілдігімен 6,25 пайыздық мөлшерлемемен 2027 жылға дейін шығарылған бұл құнды қағаздар бойынша жылына екі рет төленетін сыйақының 70 пайызын немесе 4,9 млрд теңгені республикалық бюджет, ал қалған 30 пайызын немесе 2,1 млрд теңгені Астана әкімдігі өз мойнына алған.

Алайда биылғы республикалық бюджетте бұл міндеттемелерді орындауға арнайы қаржы қарастырылмағандықтан қажетті сома күтпеген немесе шұғыл жағдайларға жұмсалуы тиіс үкіметтің арнайы қорынан алынған. Аудиторлар тиісті ереженің 30-тармағындағы 2-тармақшасына сәйкес резерв қаражатын алдын ала белгілі болған ескі қарыздарды жабуға пайдалануға болмайтынын және мұндай әрекет шынайы төтенше жағдайлар кезінде бюджеттің тұрақтылығына қауіп төндіретінін ескертіп отыр.

«Астана қаласының әкімдігіне LRT құрылысы бойынша облигациялық қарыз міндеттемелерін өтеу үшін үкімет резервінен бөлінген 10,2 млрд теңге жоспарлы түрде бюджетте қарастырылуы тиіс еді», — деп қорытындыда айтылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий