Мамандар киіктердің жаппай қырылу себебін түсіндірді
Батыс Қазақстанда 1600-ден астам киік қырылып, жауапты мамандар мұны табиғи жағдаймен түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Жыл басынан бері батыс өңірде жаппай қырылған жануарлардың өлексесі табылған. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бұл жағдайдың себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады. Мамандардың сөзінше, қыс мезгілінен кейін далада азық азайып, соның салдарынан жануарлар қатты әлсіреп қалады.
«Авиациялық есеп деректеріне сәйкес, Орал популяциясындағы киіктердің саны 2 300 000 басқа жетті. Популяция санының өсуіне байланысты табиғи себептермен қырылған жануарлар саны да артып отыр. Киіктердің қырылуы – табиғи үдеріс. Бұл жағдай көбіне қыс мезгілінен кейін, қатал ауа райы мен азық қорының азаюынан жануарлардың әлсіреуіне байланысты байқалады», – деп мәлімдеді комитет.
Осы жағдайға байланысты облыс әкімінің орынбасары 2026-2027 жылдарға арналған арнайы жоспар бекіткен. Бұл құжат далада табылған жануар өлекселерін жою кезінде мекемелердің қалай бірлесіп жұмыс істейтінін реттейді. Соған сәйкес 2026 жылдың басынан бері «Охотзоопром» инспекторлары, «Бөкейорда» табиғи резерватының қызметкерлері, ветеринарлар мен полицейлер бірігіп, 1646 киіктің ұшасын өртеп жіберді.
Айта кетейік, еліміз мұнайдан қымбат бағаланатын бұл жануардың мүйізін көрші елге сатуды бастамақ.
Соңғы жаңалықтар