Қазақстан мұнайдан қымбат бағаланатын киік мүйізін сатуды бастайды

23.03.2026 09:59 Арман Ермеков
Қазақстан мұнайдан қымбат бағаланатын киік мүйізін сатуды бастайды
323
Коллаж Politico.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2026 жылдан бастап Қазақстан қоймаларында жатқан киік мүйіздері ресми түрде сатылымға шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан әлемдегі киік популяциясының 98 пайызын өз жеріне шоғырландырған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін браконьерлердің кесірінен дала киігінің саны 50 мыңға дейін азайып кеткен еді. Дегенмен уақытылы қолға алынған қорғау шараларының арқасында 2025 жылдың көктемінде олардың саны 3 миллион 900 мыңға жетті. Бұл 1974 жылғы тарихи көрсеткіштен 3 есе көп.

Киік санының күрт өсуі жаңа мәселелер туындатты. Ғалымдар қазіргі көрсеткіш қазақ даласының жайылымдық сыйымдылығынан 3 есе асып түскенін айтады. Жануарлар ауыл шаруашылығы дақылдарын таптап, үй жануарларымен жайылымға таласуда. Осыған байланысты былтыр қаңтар айында дүкен сөрелерінде киік етінен жасалған консервілер пайда болып, жазда мамандандырылған орындар арқылы ет сатыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы сою пункттеріне 196 мыңнан астам киік өткізілген. Сонымен қатар Орталық Азия мен Қытай саммиті аясында көрші елдің Шыңжаң аймағына 1500 бас киік жіберу туралы шешім қабылданды.

Киіктің ең құнды бөлігі оның мүйізі саналады. Қытайдың дәстүрлі медицинасында ол қызу түсіретін және тыныштандыратын дәрі ретінде жоғары бағаланады. Осы уақытқа дейін «Охотзоопром ӨБ» мекемесінің қоймаларында 232 мыңнан астам таңбаланған мүйіз сақталып келді. 2025 жылдың желтоқсанында Самарқан қаласында өткен халықаралық CITES(Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенция) конференциясында Қазақстанға мемлекеттік қордағы мүйіздерді сатуға рұқсат берілді. Келісімге сай еліміз алдағы 3 жыл ішінде 30 тонна мүйізді экспорттай алады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Inbusiness басылымына берген жауабында қазіргі уақытта мүйіздерді экспорттау мәселесі мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланып жатқанын хабарлады.

«Ол үшін заңнамалық актілерге түзетулер әзірленіп, шетке шығару нарығы зерттелуде. Киік мүйізін сату механизмі CITES талаптарына сәйкес жасалып жатыр», – деді ведомство өкілдері.

Негізгі сатып алушылар Қытайдың компаниялары болмақ. Импорттаушы елге қойылатын басты талаптардың бірі тауардың қозғалысын цифрлық жүйе арқылы қадағалау болып табылады. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда киік дериваттарын таңбалау жүйесінің ресми операторы ретінде «Қазақтелеком» бекітілді.

Сауданың қаржылық жағы әзірге құпия сақталып отыр. Министрлік мүйіз сатудан түскен қаражат тек киіктерді қорғауға жұмсалатынын жеткізді. Мүйіздің нарықтағы бағасы мен оны таңбалау құны ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен құзырлы орган экспортты заңдастыру арқылы нарықтағы бағаны реттеп, браконьерлік пен контрабанда көлемін азайтуды көздеп отыр. Бұл жоспардың қаншалықты тиімді болатынын Қазақстанға берілген 3 жылдық сынақ мерзімі көрсетеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий