Марк Рютте Ресей НАТО елдеріне басып кірсе, салдары ауыр болатынын айтты

НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте Ресей Федерациясы НАТО құрамындағы кез келген елге шабуыл жасаса, Альянстың толық әскери қуатымен соққы береді деп мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Guardian агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ол Польша премьер-министрі Дональд Тускпен бірге Варшавада өткен баспасөз конференциясында айтты. Рютте Польшаға қорғанысқа ІЖӨ-нің 4,7%-ын бөлгені үшін алғысын білдірді. Бұл көрсеткіш НАТО елдері арасындағы ең жоғары деңгей болып табылады.
НАТО бас хатшысы Ресей Федерациясын Альянс үшін ең үлкен қауіп деп атады.
«Ресей НАТО үшін ең басты қауіп болып қала береді. Ол әскери экономикаға көшуде, бұл оның әскери әлеуетіне айтарлықтай ықпал етеді. Егер біреу Польшаға немесе басқа НАТО елдеріне шабуыл жасаса, Альянстың қатаң әрі жойқын соққысына тап болады. Бұл Путинге өте анық болуы керек», – деді Рютте.
Бұған дейін немістің Bild басылымы Германия әскерінің НАТО-ның шығыс қанатына Ресей тарапынан болуы мүмкін гибридтік шабуылдарға қарсы дайындалып жатқанын хабарлаған болатын. НАТО өкілдері бұл жаттығулар тек әскери дайындықты тексеруге бағытталғанын айтты.
Ал Литва қорғаныс министрлігі сол кезде Ресейдің НАТО-ға шабуыл жасау ықтималдығы төмен деп мәлімдеген еді. Министрлік Ресей Украинадағы соғысқа бар күшін жұмылдырғандықтан, НАТО-ға шабуыл жасауға мүмкіндігі жоқ деп санайды.
Соңғы жаңалықтар





