Мәсімовтің зәулім үйі қаңырап бос тұр

09.02.2026 15:26 Әсел Мұрат
Мәсімовтің зәулім үйі қаңырап бос тұр
191
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Кәрім Мәсімовтің үйі

Ғимарат өзге заңды тұлғаға берілуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz informburo.kz-ға сілтеме жасап.

Оқу-ағарту министрлігі сотталушы бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанада үйі балаларға арналған инклюзивті орталық үшін жарамсыз екенін хабарлады.

2025 жылдың қыркүйегінде нысан оқу-ағарту министрлігінің пайдалануына берілген. Үй «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РМҚК-ның балансына бекітілген.

Алайда министрліктің мәліметінше, ғимарат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін ұйымдарға қойылатын санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Онда күрделі жөндеу мен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықтау қажет. Бірақ бұл мақсаттарға ведомство тарапынан қаражат қарастырылмаған.

«Сонымен қатар есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты зақымданған, психикалық дамуы тежелген, мінез-құлқында, қарым-қатынасында және әлеуметтік өзара іс-қимылында, сондай-ақ зияткерлік дамуында ауытқуы бар балалар үшін нысан аумағында қосымша ғимарат салу қажет. Себебі қолданыстағы ғимараттың мүмкіндіктері қажетті арнайы әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермейді. Алайда Оқу-ағарту министрлігінің бюджетінде күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және қосымша ғимарат салуға қаражат көзделмеген», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган үйді басқа мемлекеттік заңды тұлғаларға беру мәселесін пысықтап жатыр.

Көктемде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Астананың Нұра ауданындағы Қараөткел шағын ауданында орналасқан зәулім үйдің әлеуметтік қажеттіліктер үшін алынғанын мәлімдеген. Компанияға тиісті өтінішті Астана қаласының әкімдігі жолдаған, ғимаратты «қаланың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру» үшін пайдалану жоспарланған. Алайда маусым айында зәулім үйді қала балансына беру мәселесі қарастырылмайтыны белгілі болды.

Астана қаласының білім басқармасы зәулім үйдің білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтінін айтты. Бірақ мемлекеттік орган нақты қай нормалардың бұзылғанын нақтылай алмады. Ал Қайтарылған активтерді басқару компаниясы өз кезегінде ғимаратты білім беру немесе оңалту мақсатында пайдалануға әбден болады деп атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий