Мемлекет қазынасы қайда кетеді? Аудиторлар қаржылық есептілікті қалай тексеретінін түсіндірді
Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы – қоғам назарындағы басты мәселе. Осы орайда ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Қаржылық есептілік аудиті» деген ұғымның астарында не жатқанын және оның мемлекеттік органдар үшін маңызын қарапайым тілмен түсіндіріп берді, – деп хабарлайды Politico.kz
Мамандардың сөзінше, бұл процесс мемлекеттік ұйымдардың қаржылық денсаулығын тексерумен тең. Аудиттің басты міндеті – мекеменің бухгалтерлік есебі мен қаржылық жағдайының қаншалықты шынайы әрі негізді екенін анықтау. Қарапайым тілмен айтқанда, аудиторлар қағазда көрсетілген сандар мен шындықтың арасында алшақтық бар-жоғын, яғни есепке сенуге болатын-болмайтынын талдайды.
Қаржылық есептілік аудиті бірнеше негізгі құжатты қамтиды. Олардың әрқайсысы мекеменің жұмысы туралы толық ақпарат береді:
- Бухгалтерлік баланс – активтер мен міндеттемелердің нақты көрінісі;
- Қаржылық нәтижелер – кірістер мен шығыстар есебі;
- Қаражат қозғалысы – ақшаның қайдан келіп, қайда жұмсалғанын көрсететін есеп;
- Капиталдағы өзгерістер туралы есеп;
- Түсіндірме жазба – сандық көрсеткіштерге берілетін толық анықтама.
Бұл құжаттардың барлығы Қазақстан заңнамасына және мемлекеттік секторға арналған халықаралық стандарттарға қатаң сай болуы тиіс.
Аудит жүйесі республикалық деңгейден бастап жергілікті жерлерге дейінгі барлық сатыны қамтиды. Жауапкершілік аймағы былай бөлінген:
- Жоғары аудиторлық палата – республикалық бюджетті, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін және мемлекеттік мекемелерді (Ұлттық банктен басқа) сүзгіден өткізеді.
- Тексеру комиссиялары – жергілікті бюджеттер деңгейіндегі қаржылық тәртіпті қадағалайды.
- Қаржы министрлігі – бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік мекемелерге жыл сайынғы тексеруді жүргізеді.
Мұндай ауқымды тексерістің түпкі мақсаты – қаржылық есептіліктің нақты жағдайды дұрыс көрсететініне көз жеткізу. Аудиторлар жұмыс барысында қателіктерді ғана емес, әдейі жасалған бұрмалаушылықтарды да іздейді. Олардың шығарған қорытындысы мемлекетке, инвесторларға және қоғамға бюджет қаражатының қаншалықты заңды әрі тиімді жұмсалып жатқанын бағамдауға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар