Назарбаевтың немересінің бұрынғы активі Турловтың меншігіне өтті

06.08.2026 18:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Назарбаевтың немересінің бұрынғы активі Турловтың меншігіне өтті
197
Фото: astana.gov.kz

«Транстелеком» ұлттық байланыс операторының басым акцияларына иелік ететін Unit Telecom компаниясы кәсіпкер Тимур Турловтың бақылауына өтті, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Ручная экономика» басылымына сілтемемен.

Тамыздың 3 күні рәсімделген келісімнен кейін Jusan Mobile мен Дмитрий Покупателев Unit Telecom құрылтайшылары қатарынан шықты. Бұған дейін аталған компания акцияларының 51 пайызы Ғалымжан Есеновке тиесілі болған. Ендігі кезекте «Транстелекомның» 75 пайыздық үлесін басқаратын кәсіпорынды Turlov Private Holding құрамына кіретін Future Telecom Limited холдингі толықтай сатып алды. Айта кетейік, бұл басқарушы компания Тимур Турлов пен Ольга Баскаковаға тиесілі.

Бұл активтің меншік иелері соңғы жылдары бірнеше рет ауысқан. Нақтырақ айтсақ 2025 жылдың жазында Ғалымжан Есеновтің Jusan Mobile компаниясы Unit Telecom-дағы 51 пайыздық үлесті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевтен сатып алған еді. Ал сол жылдың желтоқсан айында Тимур Турловтың бизнес-құрылымдары «Транстелекомдағы» үлесті иеленетіні белгілі болды. Кейіннен сату-сатып алу келісімі шын мәнінде 2025 жылдың қыркүйегінде жасалғаны және сатып алушы тарап 2026 жылдың қыркүйегіне дейін толық есептесуі тиіс екені анықталған.

Бұдан бөлек Freedom Holding Corp. компаниясы арқылы Тимур Турлов Bilim Group LTD білім беру кәсіпорнының негізгі қатысушысы атанып, оның да үлесін сатып алғаны хабарланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий