Неге Starlink? Қазақстан неге отандық спутниктік интернет емес, америкалық жобаны таңдады

Starlink-тің Қазақстанға әсері қандай
2025 жылы 12 маусымда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды. Бұл ақпаратқа сүйенсек, Starlink спутниктік терминалдары биыл үшінші тоқсаннан бастап қазақстандықтарға сатылады.
Министрлік америкалық Starlink компаниясы еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі және байланыс салаларындағы заңнамасын сақтайтынын мәлімдеген. Алайда бұл шешімнің саяси астары бар ма? Қазақстанның ақпарат саласына қауіп жоқ па? Билік америкалық компанияны нарыққа әкелу арқылы интернетке бақылауды әлсіретіп алмай ма? Неге отандық компанияларға емес, шет елдік жобаға басымдық берілді?
Үкімет Starlink-ті елге әкелуге мәжбүр болды
Үкімет халықтың бәрін сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын қабылдады. Жоба 2023-2027 жылдарға арналған.
Алайда жобаны жүзеге асыруда Үкімет мынадай кедергілерге тап болды:
Біріншіден, Қазақстан халқының өмір сүру тығыздығы өте аз. Жоғарыда атап өткен ұлттық жобада 1 км-ге 6-7 адамнан келетіні жазылған. Мұндай географиялық алшақтық 2000 жылдардан бері үздіксіз жүріп жатқан урбанизация процесімен түсіндіріледі. Нәтижесінде елімізде ауылдар жоғалып барады немесе ондағы халық саны азайып кетті. Бұл ауыл мен қала арасында интернетке қолжетімділікті алшақтатты. Себебі отандық байланыс компаниялары интернетке сұраныс қайда көп болса, сонда жұмыс істеуге ұмтылады. Бұл нарықтың заңы. Ал ауылда нарық кішкентай. Сондықтан құйылған инвестиция өзін ақтамайды. Ұлттық жоба құжатында сапалы интернеті жоқ осындай 500-дей ауыл бар екені жазылған.
Екіншіден, Қазақстанның ақпарат және байланыс саласында мемлекеттің үлесі тым көп. Бұл нарықтық қатынасты қалыптастыруға кедергі болып отыр. Бәсекелестік болмаса сапа өспейді. Еліміздің ақпарат және байланыс саласындағы басты ойыншысы ұлттық компания «Қазақтелеком» АҚ болып саналады. Ол өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ-на тиесілі. Оның артында Үкімет тұр. Мұндай квазимемлекеттік басқару кезінде халықты сапалы және қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету өте күрделі мәселе.
Рас, «Қазақтелеком» АҚ 100% еншілес болған ТОО «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2 және Altel) ұйымы 2025 жылы қаңтарда қатарлық Power International Holding компаниясына 1,1 млрд АҚШ долларға сатылды. Бірақ ұлттық компания төмендегі ұйымдарға әлі енші:
- «Кселл» АҚ (51%);
- «Ауыл Телеком» ЖШС (100%);
- «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС (100%);
- «КТ-АйИкс» жауапкершілігі шектеулі ұйымы (РФ) (100%);
- «Нурсат+» ЖШС (100%);
- «КТ-Телеком» ЖШС (100%);
- Caspinet B.V. (50%).
Ұлттық жобада Starlink-тен басқа отандық «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және шетелдік OneWeb, SES компаниялының бірі таңдалатыны жоспарланған. Үкіметтің Starlink-ті таңдауы қазақстандық компанияның әлеуеті төмен екенін білдіреді. Себебі «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ жеке компания емес, квазимемлекеттік құрылым. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің қарамағындағы ұйым.
Үшіншіден, Ескі Қазақстан факторын да ескеру керек. 1990 жылдардан бері биліктің кланы ақпараттық саланы өз бақылауына алды. Рас, бақылау көбіне дәстүрлі медиада болды. Ал интернет саласына қол салып үлгермеді. Бірақ отандық компанияларға беру арқылы Ескі Қазақстан өз капиталын арттыруға ұмтылуы мүмкін.
Осы аталған географиялық, мемлекеттік-әкімшілік жүйе және контрэлиталық кедергілерге байланысты Үкімет Starlink-ті таңдауға мәжбүр болды.
Қазақстан ақпараттық тәуелсіздіктен айырылмайды
Starlink-ті таңдау билікке де оңай болмады. Өйткені бұл шешімнің сыртқы және ішкі саяси тәуекелдері болды.
Сыртқы саяси тәуекел ретінде Ресей факторын айта аламыз. Мәскеу Қазақстанды ғана емес, тұтас посткеңестік кеңістікті өзінің ақпараттық ықпал ету аймағы деп есептейді. Батыс әлемі мен Мәскеу арасындаға текетірес кезінде Қазақстанның америкалық компанияны таңдауы Кремльге ұнамауы мүмкін еді. Алайда Астана бұл факторды да ескерген. 2023 жылы қабылданған ұлттық жобада сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамыту тек шалғай жатқан ауылдарда ғана жүзеге асатыны жазылған. Яғни, Starlink бүкіл Қазақстан аумағына интернет таратпайды.
Starlink-ті тек ауылдарда ғана қосу бастамасы арқылы ішкі саяси тәуекелдерге де ескерілгенін байқаймыз. Әлеуметтік желіде Қазақстан америкалық компаниямен келісімге келу арқылы ақпараттық тәуелсіздіктен айырылуы мүмкін деген пікір айтқандар болды. Алайда бұл негізі жоқ пікір.
Біріншіден, Starlink келісімшарт арқылы Қазақстанның ішкі заңнамасын сақтайтынын өз мойнына алған. Демек Үкіметтің барлық заңды талаптарын орындайды.
Екіншіден, ауыл қоғамдық-саяси өмір қайнап жатқан жер емес. Ірі қалаларда азаматтық қоғам институттары қалыптасқан және қала тұрғындары ауылда тұратындарға қарағанда билікке либералды-демократиялық талап-тілекті көбірек айтады.
Көріп тұрғанымыздай Starlink-ті таңдау туралы саяси шешім қабылдар алдында осы аталған ішкі және сыртқы саяси тәуекелдер мен түрлі кедергілер ескерілген. Қала берді билік Қазақстанды цифрландыру мен ЖИ саласында Орталық Азия аймағының көшбасшысына айналдыруды мақсат етіп қойған. Сондықтан Starlink-пен келісімшарт ақпараттық кеңістікті АҚШ-қа жығып беру немесе халыққа ықпалды арттыру үшін жасалмаған. Көпвекторлы сыртқы саясатты, елдің экономикалық даму бағытын ескере отырып қабылданған шешім.
Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
Соңғы жаңалықтар





