Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайына сот үкімі шықты

25.07.2026 09:19 Қарақат АСЫЛОВА
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайына сот үкімі шықты
539

Қарағанды қаласында Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты қылмыстық іс бойынша сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол екі әйелге дене жарақатын келтірді деген айыппен жауапқа тартылған. Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға осы жылдың ақпан айында болған. Жәбірленушілердің айтуынша, жанжал көршілер арасында туындап, оның барысында спортшының жұбайы анасы мен қызына күш қолданған. Олардың сөзінше, жанжалға туыстарының арасындағы түсініспеушілік себеп болған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, әрекетін қажетті қорғаныс деп түсіндірген. Алайда сот сараптама қорытындылары, куәгерлердің жауаптары және өзге де дәлелдерді зерттей келе, оның кінәсі дәлелденді деген шешімге келген.

Сот үкімімен әйелге 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, ол жәбірленушілерге 1 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге адвокаттық шығынды өтеуге міндеттелді.

Айыпталушы сот шешімімен келіспейтінін айтып, үкімге шағымданатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Данияр Елеусіновтің өзі де мас күйінде көлік басқарғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий