Олимпиада жүлдегері найзағай соғып, қайтыс болды

Ванкувер қаласында 2010 жылы өткен Олимпиада ойындарының ски-кросс жарысы бойынша қола жүлдегері, норвегиялық спортшы Эудун Гренвольд найзағай соққысының салдарынан қаза тапты. Ол 49 жаста болған.
Бұл туралы NRK басылымы спортшының жарына сілтеме жасап хабарлады.
«Эудун — менің ең үлкен махаббатым және соңғы 20 жылдағы ең жақын досым... бүгін сен бізден кеттің. Бәрі тамаша жазғы демалыспен басталған еді, бірақ өткен сенбіде біз коттеджімізде болғанда сені найзағай ұрып, қайғылы жағдайға душар болдық. Саған жедел көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізгенімен, алған жарақаттарыңнан өткен түнде көз жұмдың», — деп жазды Кристин Тандберг Хаугсья Facebook парақшасында.
Эудун Гренвольд спорттық мансабын тау шаңғышысы ретінде бастаған. Ол 1996 жылы Әлем кубогының алғашқы ұпайларын еншілеп, үш жыл өткен соң Сьерра-Невадада тұғырға көтерілді. 2003 және 2004 жылдары Норвегия чемпионатында слалом-гигант пен жылдамдық спускі бойынша жеңімпаз атанды.
2004 жылы Гренвольд фристайлға ауысып, ски-кросс санатында бақ сынай бастады. Ол жалпы есепте Әлем кубогының жеңімпазы атанып, басты жетістігі ретінде 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Осыдан бірнеше ай өткен соң спортшы кәсіби мансабын аяқтаған еді.
Соңғы жаңалықтар





