Олжас Бектенов оңтүстіктегі су тапшылығына кінәлі шенеуніктерді жазалауды тапсырды

Премьер-министр Бектенов Оңтүстіктегі су тапшылығына кінәлі шенеуніктерді жазалауды тапсырды
Қазақстанның оңтүстігінде орын алған су тапшылығы мәселесіне байланысты Үкімет бірқатар шенеуніктерді жауапкершілікке тартуға шешім қабылдады. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды.
Ресми мәліметке сүйенсек, елдегі су қоймаларындағы су көлемі 19,2 миллиард текше метрге жеткен. Алайда оның 98 пайызы Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы 1,2 миллион гектар суармалы алқаптарға жұмсалып жатыр.
"Қазіргі суару маусымы оңтүстік өңірлерде жауын-шашынның тапшылығы жағдайында жалғасып жатыр", — делінген Үкімет хабарламасында.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында суармалы алқаптарға суды көп қажет ететін дақылдардың заңсыз егілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар су ресурстарының рұқсатсыз және бейберекет пайдаланылғаны да анықталған.
Осыған байланысты Үкімет заңсыз егіс науқанына жол берген жергілікті атқарушы органдардың жауапты өкілдерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.
Соңғы жаңалықтар





