Оңтүстіктегі шалғай ауылдарға жылдамдығы 20 Мбит/с интернет тартылып жатыр
2026 жылы Қазақтелеком АҚ сымды желі тартуға техникалық мүмкіндігі жоқ Оңтүстік аймақтың шалғай ауылдарында радиокөпір технологиясы арқылы 20 базалық станция орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Жобаның негізгі бөлігі Қызылорда облысының Арал, Шиелі және Жаңақорған аудандарында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда аталған аймақтарда 8 базалық станция толық іске қосылып, тағы екеуінде монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Радиокөпір технологиясы дәстүрлі ADSL мыс желілеріне қарағанда деректерді тасымалдау жылдамдығын әлдеқайда арттырып, шалғай ауылдарды тұрақты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Радиокөпір технологиясы бойынша сымсыз интернет 20 Мбит/с дейінгі жылдамдықты қамтамасыз етеді, ал ADSL технологиясында ол орташа есеппен 4–5 Мбит/с құрайды. Шалғай елді мекен тұрғындары үшін бұл заманауи цифрлық сервистер мен сапалы интернетті пайдалануға мүмкіндік беретін оңтайлы шешім», – деді Бөлшек сауда бизнесі дивизионы Оңтүстік аймақ бойынша коммерциялық қызметінің өңірлік директоры Диас Жолдасбай.
Сигнал кедергісіз әрі кең аумаққа жетуі үшін аудандық әкімдіктермен келісе отырып, құрылғылар тікелей мектеп ғимараттарына орнатылуда. Жыл соңына дейін өңірдегі тағы 10 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, мыңдаған тұрғынның цифрлық мүмкіндіктері кеңейеді.
Соңғы жаңалықтар