Отандық сәулетші: Орыстар білім жағынан мықтырақ деп, қазақ мектебіне күліп қарайтынбыз
Этно-дизайнер, сәулетші Елзат Мұқаш өзінің өскен ортасы, дизайн саласына келуі туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
«Менің әкем Қарағандыдан, ал анам Оңтүстік Қазақстанның Түркістан облысынан. Әкем орыс ортасында өскендіктен, мінезі де орысқа жақын болды. Кейін Кентауда орыс мектебінде оқып, орыстармен көп араластым. Білмеймін, бұл түсінік жалғыз менде ғана емес, ол кезде бәрінде солай еді. Орыстар білім жағынан да, басқа жағынан да қазақтардан мықтырақ, ал қазақтар төмен деген түсінік болды. Тіпті қазақ мектептеріне күліп қарайтынбыз», — деді Елзат Мұқаш.
Ары қарай ол этно-дизайн саласына қалай келгенін айтып берді.
«Университетте архитектура мамандығында оқып жүргенімде әртүрлі стильдерді зерттей бастадым. Сол кезде: «Неге қазақ стилі жоқ? Мен қазақ стилін өзім жасаймын!» — деп шештім. Солайша мәдениетті зерттеуге көштім. Өз мәдениетім мені қайтадан қазақ қылды. Демек, бұл мәдениет кез келген адамды бойына тарта алады, себебі біздің мәдениетіміз өте мықты», — деді сәулетші.
Үңіле келе қазақ мәдениетінің ерекше мақтаныш сыйлайтынын жасырмады.
«Оның ішінде тарих та, қолөнер де бар. Осының бәрін зерттей келе, қазақ болғаның үшін мақтана бастайсың, тіпті қазақша сөйлегің келіп тұрады», — деді ол.
Соңғы жаңалықтар