Өзбекстан әуе компаниясы Ресейдің үстімен ұшудан бас тартты
Uzbekistan Airways әуе компаниясы Еуропаға бағытталған рейстерін енді Ресейдің әуе кеңістігін айналып өтетін жаңа маршрут бойынша жүргізеді. Бұл өзгеріс Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) соңғы баяндамасынан кейін қабылданған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Gazeta.uz ақпаратына сәйкес, 20 қаңтардан бастап Uzbekistan Airways ұшақтары Ресейдің орнына Азербайжан мен Түркия арқылы ұша бастады. Компанияның басқарма төрағасы Шухрат Худайқұлов бұл шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданғанын айтты.
"Бұл өзгеріс ұшу уақытын 30-40 минутқа ұзартқанымен, біз жолаушыларға қосымша шығын жүктемейміз. Бұл – форс-мажорлық жағдай, сондықтан тарифтерді көтермейміз," – деп мәлімдеді Uzbekistan Airways өкілдері.
Худайқұловтың айтуынша, әуе компаниясының басқару орталығы әуе кеңістігіндегі жағдайды онлайн-режимде секунд сайын бақылап отырады. Егер қандай да бір қауіп анықталса, ұшақ бағытын дереу өзгерту туралы шешім қабылданады.
Бұл өзгеріс Azerbaijan Airlines әуе компаниясының 25 желтоқсанда Қазақстанда болған әуе апатынан кейін қабылданған. Өзбекстан премьер-министрінің жетекшілігімен құрылған арнайы комиссия бұл жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде шешім қабылдаған.
Компания өкілдерінің айтуынша, Ресейдің еуропалық бөлігі мен Украина аумағы қауіпті аймақтар қатарына енгізілген. Сонымен қатар, Азия бағытында да кейбір таулы аймақтар қолайсыз метеожағдайлар салдарынан қауіпті деп танылған.