«Өзін полицеймін деп таныстырды»: Алматыда ер адамды ұрлауға барған жалған полицейлер әшкереленді (ВИДЕО)
Алматы қаласында полиция қызметкерлері «Құрықтау» жедел жоспары аясында ұрланған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, белгісіз адамдар ер адамды күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Бұл туралы хабарлама түскен бойда қалалық жедел басқару орталығы дереу әрекетке көшіп, күдіктілердің көлігін анықтауға кіріскен.
Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде автокөлік қысқа уақыт ішінде анықталып, ұсталды. Тергеу барысында күдіктілердің өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге психологиялық қысым көрсеткені белгілі болды.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан бұл әрекеттің ауыр қылмыс екенін атап өтті.
«Бұл – ауыр қылмыс. Куәгердің қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында заңсыз іс-әрекеттің жолы кесілді. Азаматтарды арандатуға ермеуге және күмәнді жағдай туындаған сәтте бірден “102” нөміріне хабарласуға шақырамыз», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар