Павлодарда тісін емдеткен үш жасар қыз үш күннен бері ес-түссіз жатыр

Павлодарда тісін емдеткен үш жасар қыз үш күннен бері ес-түссіз жатыр
Ашық дереккөз

Павлодарда тісін емдеткен үш жасар қыз комаға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бала үш тәуліктен бері ес-түссіз жатыр және өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Оқиға туралы қыздың тәтесі әлеуметтік желіде айтып берген. Оның сөзінше, 21 қазанда баланы Лермонтов көшесінде орналасқан стоматологиялардың біріне тісін емдетуге апарған. Алайда емдеу кезінде қыздың жағдайы күрт нашарлап, көзі аларып, тыныс алуы қиындаған.

Туысының айтуынша, сол сәтте клиникада шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құралдар болмаған. Ол сондай-ақ әпкесінің жедел жәрдем шақыруды бірнеше рет өтінгеніне қарамастан, медицина қызметкерлері бірден әрекет етпегенін алға тартты. Кейін көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақырған.

Қыздың тәтесінің мәлімдеуінше, ауруханаға бара жатқан жолда баланың жүрегі тоқтап қалған. Оның айтуынша, жүрек соғысы медициналық мекемеде де қайта тоқтаған.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 21 қазанда сағат 15:45-те қыз облыстық балалар ауруханасына аса ауыр жағдайда жеткізілген. Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

22 қазанда дәрігерлер еліміздің жетекші медициналық орталықтарының мамандарымен онлайн кеңес өткізіп, одан әрі емдеу тактикасын келіскен. Қазір баланың жағдайын әртүрлі саладағы дәрігерлер күн сайын бақылап, оған қарқынды ем жүргізіп жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатқанын хабарлады. Тексеру қорытындысы бойынша жағдайға құқықтық баға беріледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу