Петропавл маңында құрылыс кезінде екі адамның және ежелгі жануардың сүйегі табылды

12.09.2026 12:21 Қарақат АСЫЛОВА
Петропавл маңында құрылыс кезінде екі адамның және ежелгі жануардың сүйегі табылды
303

Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары кезінде екі адамның сүйегі мен ежелгі жануарға тиесілі қалдықтар табылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “7 арна”-ға сілтемемен.

Қызықты олжа Петропавл маңындағы Прибрежное ауылының жанынан анықталған.

Жұмысшылар көпір құрылысына қажетті жұмыстарды жүргізіп жатқан кезде құм карьерінен сүйектерді байқап қалған. Экскаватор топырақты қазу барысында адам мен жануарға тиесілі болуы мүмкін сүйектер жер бетіне шыққан. Осыдан кейін оқиға орнына полиция шақырылған.

Құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастаған. Алдын ала мәлімет бойынша, табылған адам сүйектерінен қылмыстық сипаттағы белгілер анықталмаған. Алайда олардың нақты қай кезеңге тиесілі екені әзірге белгісіз.

Табылған сүйектердің бірін тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Анатолий Плешаков зерттеген. Мамандардың алдын ала болжамынша, сүйек шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 12 мыңжылдыққа дейін осы өңірді мекендеген жүнді мүйізтұмсыққа тиесілі болуы мүмкін.

Археологтың айтуынша, жүнді мүйізтұмсық мамонт фаунасына жатады және мұндай олжалар палеолит дәуірі мен мұз басу кезеңін зерттеуде маңызды.

Егер табылған адам сүйектерінің кем дегенде біреуі осы дәуірге жататыны анықталса, бұл ғылым үшін аса маңызды жаңалық болмақ. Қазір мамандар сүйектердің жасын анықтап, олардың нақты кезеңін белгілеуді жоспарлап отыр.

Ғалымдар адам қалдықтарымен қатар, құм карьерінің өзін де егжей-тегжейлі зерттемек.

Войдите, чтобы оставить комментарий