Петропавлда түрмеден шыққан ер адам әйелді зорламақ болды 

13.07.2026 11:57 Әсел МҰРАТ
Петропавлда түрмеден шыққан ер адам әйелді зорламақ болды 
251

Петропавл қаласында күндізгі уақытта 54 жастағы әйелге шабуыл жасалып, оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасауға әрекет жасалды. Оқиға Жұмысшы кентінде болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, бейтаныс ер адам әйелге күш көрсетпек болған. Алайда жәбірленуші қарсылық танытып, оның қолынан босап шығып, көшеде жүрген адамдардан көмек сұраған.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті көп ұзамай анықталып, ұсталды. Ол – Петропавл қаласының 62 жастағы тұрғыны. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция мәліметінше, іс бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Желіде тараған ақпарат бойынша күдікті бұған дейін бірнеше ауыр және аса ауыр қылмыс үшін сотталған. Оның ішінде қарақшылық, адам өлтіремін деп қорқыту арқылы ерекше қатыгездікпен зорлау және кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар бар.

1999 жылы 28 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының үкімімен ол 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын толық өтеген азамат 2024 жылы қаңтарда түзеу мекемесінен босатылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий