Петропавлда ҰҚК құрықтаған экс-судьяларға қатысты апелляциялық соттың үкімі шықты
Петропавлда алаяқтық баптарымен сотталған Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының бұрынғы екі төрағасына қатысты апелляциялық инстанцияның шешімі шығып, оның нәтижесінде бір судьяның жазасы қысқартылса, екіншісінің үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл іс бойынша айыпталушылар орындығында 2022–2024 жылдары мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотты басқарған 46 жастағы Бекбол Баймаханов пен Петропавл қалалық №2 сотының бұрынғы төрағасы 41 жастағы Ерлан Ибраев, сондай-ақ алматылық заңгер Артем Иванов пен кәсіпкерлер Геворг Погосян және Гамлет Мелконян отырды.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, бұрынғы судьялар өздері қарамаған және нәтижесіне ешқандай ықпал ете алмайтын істер бойынша шешім шығарып береміз деп алдау арқылы азаматтардан қомақты көлемде сыйақы алып отырған.
Бірінші эпизод бойынша жер дауына қатысты соттасып жүрген коллекторлық агенттіктің мүддесін қорғаушы заңгер Иванов экс-төраға Баймахановқа істі оң шешіп беруі үшін жалпы көлемі $50 мың пара ұсынған, алайда бұл заңсыз келісім туралы біліп қойған судья Омаров ҰҚК-ге шағым түсіріп, нәтижесінде 2024 жылдың 18 желтоқсанында $15 мың көлеміндегі параның бір бөлігін алып жатқан Баймаханов өз кабинетінде ұсталды.
Бұдан бөлек Баймаханов өзінің әріптесі әрі досы Ибраевпен бірігіп, жол құрылысымен айналысатын кәсіпкер Погосяннан сот шешімі үшін 2,5 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы алса, кейінірек қарызға батқан тағы бір кәсіпкер Мелконянды банкрот деп тану үшін дәмхана дәретханасында 2 млн теңге көлемінде пара алып, оны өзара бөліскен.
Биылғы 4 наурызда өткен алғашқы сот отырысында судья Әсем Жаңалина үкім оқып, оған сәйкес Баймаханов 8 жылға, ал Ибраев пен Иванов 6 жылға бас бостандығынан айырылып, кәсіпкерлер Мелконян мен Погосянға тиісінше 4 және 3,5 жыл жаза тағайындалған болатын. Бұған қоса экс-судьялар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, олардан мемлекет пайдасына тиісінше 1 млн 284 мың және 2 млн 250 мың теңге көлемінде қаражат тәркіленген еді.
Алайда бұл үкіммен келіспеген сотталушылар Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасына шағым түсірген, ал апелляциялық сот алқасының төрағасы Сергей Викторенко Баймахановтан басқа айыпталушылардың барлығына шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды.
«Біз пара мөлшерін қайта есептедік, сол кездегі $20 мың аса ірі емес, жай ғана ірі мөлшер болып саналады, себебі ол 2800 АЕК құрайды, ал ірі мөлшер үшін кемі 4000 АЕК болуы тиіс, сондықтан біз қылмысты қайта саралап, жазаны өзгерттік», – деді төрағалық етуші судья Сергей Викторенко.
Осылайша сот алқасы Баймахановтың бірінші эпизодтағы әрекетін аса ірі мөлшерден ірі мөлшердегі алаяқтыққа ауыстырып, оның жаза мерзімін 8 жылдан 7 жылға дейін қысқартты және бұл апелляциялық қаулы бірден заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар