Президент қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев православ қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Президент Рождество мерекесін ерекше жарқын және үміт сыйлайтын күн ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл мереке православ дінін ұстанатын жандарды жақсылық пен адамгершілік құндылықтарға қызмет ету жолында біріктіреді.
Құрметті отандастар!
Еліміздің барша православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын!
Жұртқа жақсылық пен үміт сыйлайтын осы жарқын мейрамда діндар жандар адами құндылықтарға қызмет ету жолында өзара бірігеді.
Рождествода азаматтар ерекше қуанышқа бөленеді, православ дінін ұстанатын адамдар жақындарына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж адамдарға жанашырлық танытуға асығады.
Православ діні елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын нығайта түсуге, жалпыұлттық бірегейлігіміздің өзегі саналатын отаншылдық, жасампаздық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды дәріптеуге мол үлес қосып келеді.
Қоғамдағы татулық пен түсіністік Қазақстанның тұрақты дамуының мызғымас тірегі болып қала беретініне кәміл сенемін.
Еліміздің православ христиандарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Рождество мерекесі құтты болсын!