Президент Жолдауы және цифрлық трансформация: Сарапшы ЖИ-дің ел болашағына ықпалы туралы айтты

08.09.2026 17:34 Томирис САҒЫНДЫҚ
Президент Жолдауы және цифрлық трансформация: Сарапшы ЖИ-дің ел болашағына ықпалы туралы айтты
117
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген тапсырмалар негізінде бұл бағытта ауқымды реформалар мен заңнамалық өзгерістер іске асырылуда. Осы орайда, жасанды интеллекттің экономикаға, әлеуметтік салаға және инфрақұрылымға ықпалы туралы ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Сарапшының айтуынша, технологиялық трендтерді мемлекеттік басқару мен экономикаға енгізу – әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін дәлелдеген қадам.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында, бәрімізге белгілі заманауи тренд саналатын жасанды интеллектке басымдық берілген болатын. Яғни, бұл жердегі цифрландыру мен жасанды интеллект — тек технологиялық бағыт қана емес, мемлекеттік саясаттың, трансформацияның, ішкі экономикалық және басқа да өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Президентіміз осы жасанды интеллект пен цифрландыруды қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізуді тапсырып, оған басымдық беріп отыр. Өйткені бұл — әлемдік тренд. Қазіргі кезде экономикалық әрі басқа да салалар бойынша дамыған әлемнің алдыңғы қатарлы көшбасшы мемлекеттері (мысалы, Қытай, Сингапур, Англия және басқа да елдер) ең алдымен өздеріндегі цифрландыруды экономика, медицина сияқты барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Сөйтіп, өздерінің экономикалық дамуын қарқындатуда», — деді Нұркен Айтымбетов.

Саясаттанушының айтуынша, елімізде жаңа технологияларды енгізу процесі бюрократияны азайтып, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта арнайы заңнамалық және институционалдық база қалыптастырылды.

«Қазақстанға келетін болсақ, жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу — ең алдымен бюрократияны қысқартады. Сонымен қатар кез келген саладағы еңбек өнімділігін күшейтеді, қызмет сапасы мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл белгілі бір деңгейде жаңа жұмыс орындарын ашуға да өз ықпалын тигізеді. Былтыр осы Жолдау жарияланғаннан кейін елімізде жеке министрлік құрылды. Ол — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Ол 18 қыркүйекте құрылған болатын. Бұл — Президенттің тікелей тапсырмасымен жеке мемлекеттік институт ретінде құрылған орган. Ол осы саланы жан-жақты басқарып, өз алдына міндеттерді атқарады. Сонымен бірге өткен жылы Жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Онда қауіпсіздік, ашықтық, жасанды интеллектті қолдану ережелері, сондай-ақ азаматтарымыздың жеке мәліметтерін сақтау мәселелерін қамтамасыз ету мақсатында жеке заң бекітілді. Қазіргі кезде жасанды интеллектті дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ең алдымен, Үкімет бекіткен «Digital Qazaqstan» («Цифрлық Қазақстан») бағдарламасы аясында 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық стратегияны іске асыру бойынша іс-әрекет жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес нақты бағыттар айқындалды. Бұл — ең алдымен цифрлық трансформация және жасанды интеллектті енгізу. Азаматтарға, экономикаға, бизнеске және мемлекеттік аппаратқа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу қолға алынды», — деді саясаттанушы.

Білім беру мен медицинаны цифрландыру

Нұркен Айтымбетовтың пікірінше, цифрлық реформалардың негізгі бағыттарының бірі – адами капиталды дамыту және әлеуметтік салаларға инновациялық шешімдерді енгізу.

«Қазіргі кездегі негізгі бағыттардың бірі — жасанды интеллектті білім беру саласының барлық деңгейіне (жоғары, орта, төменгі деңгейлерге) енгізу. 2029 жылға дейін университет, колледж студенттері мен мектеп оқушыларының 80 пайызға жуығы осы жасанды интеллектті меңгеріп, негізгі қабілеттер мен дағдыларды игеруі керек деген жоспар қойылды. Қазіргі кезде біз бұл бағыттағы жұмыстарды көріп отырмыз: Қазақстанның жоғары оқу орындарында, өңірлерде және Алматы қаласында жасанды интеллект туралы көптеген шеберлік сабақтары мен үйрету курстары ұйымдастырылуда. Яғни, жасанды интеллектті білім саласына енгізу жаппай қолға алынды деуге болады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектті білім саласымен қатар медицина саласына да енгізу процесі басталды. Болашақ жоспар бойынша, 2029 жылға дейін азаматтардың тікелей медициналық мекемеге бармай-ақ, қызметтерді онлайн түрде өз бетінше алуы көзделген. Бұл дәрігерлер мен емханаларға түсетін жүктемені азайту үшін жасалуда. Осы мақсатта барлық медициналық ұйымдарды бір ортақ цифрлық базаға өткізу жоспарланып отыр. Сондықтан кез келген азамат өзіне қажетті медициналық қызмет түрін онлайн алып, қызмет көрсететін мекемені өзі таңдай алады», — деді Нұркен Айтымбетов.

Сондай-ақ, сарапшы сандық технологияларды дамыту жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты. Оның нәтижелері инфрақұрылымды басқару мен мегаполистердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көрініс табуда.

«Жалпы, бұл процесс өткен жылы ғана басталған жоқ. 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітіліп, содан бері цифрландыру процесі белсенді жүріп жатыр. Өңірлерді интернетпен және цифрлық технологиялармен қамтамасыз ету жұмыстары сол кезде басталған болатын. Қазіргі кезде Қазақстанды толықтай цифрлық жүйеге өткізуге мүмкіндік бар. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Egov және басқа да бағдарламалар арқылы мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ, қашықтан алуға қол жеткіздік. Осымен тоқтап қалмай, ары қарай да жасанды интеллектті енгізуді жалғастырамыз. Тағы бір айта кететін мәселе — мегаполистер мен ірі қалалардағы қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету. Ол үшін жасанды интеллект пен интеллектуалды жүйелерді енгізу, мониторинг пен анализ жасау қолға алынуда. Бұл ірі қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған», — деді саясаттанушы.

Мамандар даярлау және миграциялық бақылау

Технологиялық ілгерілеумен қатар, білікті кадрлар даярлау, шетелдік тәжірибені енгізу және миграциялық процестерді реттеу мәселелері де өзекті болып отыр.

«Сонымен қатар, Президентіміз 2025 жылды «Жұмысшы мамандар жылы» деп жариялағаны белгілі. Оның басты мақсаты — IT және басқа да салаларға, инженерия мен құрылысқа шетелдік білікті мамандарды тарту. Солар арқылы жергілікті жұмысшыларды үйретіп, біліктілігін арттыру мәселесі қолға алынды. Қазіргі таңда Қытайдан, көршілес Ресейден және басқа да дамыған елдерден білікті мамандар Қазақстанға келіп, отандық мамандармен бірге тәжірибе алмасуда. Шетелдік білікті мамандарды тартумен қатар, миграциялық ағынды қадағалау мәселесі де маңызды. Себебі бұл, бір жағынан, ішкі нарықта бәсекелестік тудырса, екінші жағынан, ішкі қауіпсіздік пен интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін мигранттарды есепке алу, тіркеу және мониторинг жасауды талап етеді. Жалпы, Президент Жолдауынан кейін экономикада және басқа да салаларда тың жұмыстар басталып, серпіліс болды. Сондықтан бұл Жолдау белгілі бір деңгейде өз нәтижелерін беріп жатыр деп ойлаймын. Биылғы Жолдауда да халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы, геосаяси жағдайлар, көршілес елдердегі соғыстар, санкциялар мен бәсекелестікке қарамастан экономиканы тұрақты ұстап тұру мәселелері назардан тыс қалмайды», — деді Нұркен Айтымбетов.

Войдите, чтобы оставить комментарий