Қарағанды – Астана тасжолында мыңнан астам көлік кептеліп қалды
Қарағанды облысында бірнеше күн қатарынан соққан боран мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатып жатыр. Соңғы төртінші тәулік бойы аймақтағы тасжолдарда ұзын-сонар кептелістер пайда болуда, деп хабарлайды Politico.kz.
13 наурыз күні кешке Қарағанды – Астана автожолында тағы бір күрделі жағдай тіркелді. Ошағанды кенті маңындағы көтерілетін жолда қатты көктайғақтың салдарынан жүздеген көлік тұрып қалды.Жүргізушілердің айтуынша, жолда шамамен 500 жүк көлігі мен 700-ге жуық жеңіл автокөлік жиналып қалған. Ауыр жүк көліктері тайғақ жолда көтерілуді еңсере алмай, қозғалыс тоқтап қалған. Соның салдарынан басқа көліктер де ұзақ кептелісте қалып қойған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода оқиға орнында полиция қызметкерлері күрекпен жолға құм сеуіп, көліктердің қозғалуына көмектесуге тырысқаны көрінеді.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ошағанды маңында кептеліс болғанын растады. Алайда олардың айтуынша автожолдарды ашу немесе жабу полицияның тікелей құзыретіне кірмейтінін мәлімдеді.Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы қозғалысты шектеу немесе қайта ашу туралы шешімді автожол операторы – «ҚазАвтоЖол» қабылдайды.
Соңғы күндері өңірде ауа райы күрт нашарлаған. Күшті боран, екпінді жел және көрінудің төмендеуіне байланысты бірқатар тасжол учаскелерінде уақытша қозғалыс шектеулері енгізілген.
Соңғы жаңалықтар