Қарағанды облысында жолаушылар пойызы жүк көлігімен соқтығысты
Қарағанды облысының Шет ауданында жолаушылар пойызы мен жүк көлігі соқтығысты, деп хабарлайды Politico.kz.
Соққыдан самосвал қатты зақымданған. Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Оқиға 24 қазан күні таңертең Сарышаған – Қарағанды учаскесіндегі теміржол өткелінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, SHACMAN жүк көлігінің жүргізушісі реттелмейтін теміржол өткеліне Алматы – Петропавл бағытындағы жолаушылар пойызы жақындаған кезде шығып кеткен.
Пойыз машинистері кедергіні байқап, шұғыл тежегішті басқанымен, құрамды уақытында тоқтату мүмкін болмаған. Соның салдарынан пойыз жүк көлігіне соғылған. Қатты соққыдан самосвал іс жүзінде қирап қалған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жүк көлігінің жүргізушісі соқтығысар алдында кабинадан шығып үлгерген. Алайда оқиғадан кейін оның оқиға орнынан кетіп қалғаны хабарланды. Пойыз жолаушылары мен теміржол қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Шамамен жарты сағаттан кейін пойыз қозғалысын қайта жалғастырған.
Қарағанды облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, жүк көлігін 53 жастағы ер адам басқарған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің 53 жастағы жүргізушісі теміржолдан өту қауіпсіздігіне көз жеткізбей, пойызбен соқтығысқан», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиға полицияда тіркеліп, апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар