Қарағандыда ер адамдар кафеде танысқан әйелдің шотынан ақша шешіп алған
Қарағанды тұрғыны құрбысымен бірге кафеге барғаннан кейін 2 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Қарағанды қаласындағы дәмханалардың бірінде болған кеш екі жергілікті тұрғын – 40 және 37 жастағы ер адамдар үшін күтпеген оқиғаға ұласты.
Алкогольдік ішімдік ішіп, таныс қыздармен әңгімелескеннен кейін есеп айырысу сәтінде қаражаттың барлық шығынды жабуға жеткіліксіз екені анықталған.
Осы кезде қыздардың бірі көмектесуге ниет білдірген.
Қыздар кетуге дайындалып жатқан сәтте 37 жастағы ер адам қолайлы мүмкіндікті пайдаланып, 35 жастағы қарағандылық әйелдің банк шотынан өзінің 40 жастағы танысының шотына 1 млн 900 мың теңге көлемінде қаражатты жасырын түрде аударып жіберген.
Кештің осылай аяқталғанын ешкім байқамайды деп ойлаған күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда келесі күні таңертең шот иесі банк шотынан ірі көлемдегі қаражаттың жоғалғанын байқап, полиция бөліміне жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілерді қысқа мерзімде анықтап, ұстады. Екі ер адам да өз кінәсін толық мойындаған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтар