Қарағандыдағы ес-түссіз табылған полицей мен қыздың мәйіті: оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Қарағанды қаласында Михайлов полиция бөлімінде кадрлық өзгерістер орын алды. Бұған опорлық пункттің ішінде әйел адамның мәйіті мен қасында ес-түссіз жатқан учаскелік полицейдің табылуы себеп болды.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дисциплинарлық комиссияның шешімімен Михайлов полиция бөлімінің басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды.
Сонымен қатар, қызметтік тексеріс пен тәртіптік комиссияның қорытындысы бойынша Қарағанды қалалық полиция басқармасының және облыстық полиция департаментінің бірқатар басшыларына қатаң шаралар қолданылды.
“Азаматшаның мәйітін табу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Учаскелік полиция инспекторы қазіргі уақытта медициналық мекемеде ем қабылдауда, сондықтан тергеу аяқталғанша қызметінен уақытша шеттетілді. Оның жұмыстан босатылу мәселесі ем аяқталған соң қаралады”, — делінген департаменттің ресми хабарламасында.
Полиция департаменті басшылығы аталған қылмыстық істі ерекше бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, ведомство қызметтік тәртіп бұзушылықтың кез келген фактісіне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын атап өтті.
“Полиция департаменті қызметтік этика мен ішкі тәртіп талаптарын бұзудың барлық жағдайына, лауазымы мен шеніне қарамастан, қатаң шара қолданатын болады. Заңдылықты сақтау, тәртіпті нығайту және азаматтардың сенімін арттыру — ішкі істер органдарының басты міндеті болып қала береді”, — делінген Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәлімдемесінде.
Еске сала кетсек, 1 қазанға қараған түні Қарағандыдағы полицияның бір опорлық пунктінде әйел адамның мәйіті табылған болатын. Сол жерде ес-түссіз күйде жатқан полиция қызметкері медициналық мекемеге жеткізілген еді.
Соңғы жаңалықтар





