Қарағандылық инженер Қазақтелекомның өндірістік қауіпсіздік байқауында топ жарды
Қарағандыда Қазақтелеком АҚ желілік ресурстарға техникалық қолдау көрсету орталығының инженері Азамат Ахметов компания ішінде өткен «Мен және қауіпсіздік» байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бес жылдан астам уақыт бойы телекоммуникация жабдықтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келе жатқан маман бұл саланы саналы түрде таңдағанын айтады. Оның әрбір жұмыс күні ықтимал тәуекелдер мен олардың алдын алу шаралары талқыланатын арнайы қауіпсіздік минутына ұласып, одан кейін апаттық өтінімдерді өңдеу және ақауларды жою процесі басталады.
«Кез келген қателік көптеген абоненттер үшін байланыс сапасына әсер етуі мүмкін, сондықтан жағдайды мұқият талдап, бекітілген регламенттерді сақтау маңызды», – деді Азамат Ахметов.
Биыл компанияның Өндірістік қауіпсіздік дирекциясы мен Jas Telecom жастары бірлесіп ұйымдастырған байқауда ол қауіпсіздік әр қызметкердің жеке жауапкершілігінен басталатынын дәлелдеп шықты. Техникалық тұрғыдан күрделі жабдықтармен және электр қондырғыларымен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті қажет ететіндіктен, инженердің бұл ұстанымы әріптестері тарапынан жоғары бағаланған.
«Тіпті ең тиімді ережелер мен нұсқаулықтар да адам оларды саналы түрде сақтаған жағдайда ғана нәтиже береді», – деді маман.
Бұл қағида маманның күнделікті жұмыс тәжірибесінде де талай рет өз дәлелін тапқан. Мәселен, өндірістік міндеттердің бірін орындау кезінде жұмыс мерзімінің тығыздығына қарамастан, ол ықтимал қауіптерді байқап, процесті уақытша тоқтата тұру арқылы оқыс оқиғаның алдын алған.
«Бұл жағдай дер кезінде жұмысты тоқтатып, еңбек жағдайларын қайта тексеру – күрделі салдардың алдын алуға мүмкіндік беретінін көрсетті», – деді инженер.
Бүгінде тәжірибелі маман жас әріптестеріне жаңа нәрсені үйренуден қорықпай, тәлімгерлердің ақылына құлақ асуға кеңес береді. Оның пікірінше, кәсіби шеберлік уақытпен бірге келеді, ал қауіпсіздік ережелері ұжымдағы еңбек мәдениетін қалыптастыратын негізгі фактор ретінде әрдайым бірінші орында тұруы тиіс.
Соңғы жаңалықтар