Қаржы агенттігінің шығыны неге күрт көбейгендей көрінді

03.08.2026 10:02 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қаржы агенттігінің шығыны неге күрт көбейгендей көрінді
82
Фото: ҚНРДА

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 2025 жылға арналған 17,5 млрд теңге бюджетке қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарып, қаражаттың қайда жұмсалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Exclusive.kz басылымы агенттіктің 2025 жылғы шығындары екі есе өсіп, 17,5 млрд теңгеге жеткенін және ұйым мамыр айынан бастап республикалық бюджеттен емес, Ұлттық банк есебінен қаржыландырылатынын жазған болатын. Материалда ведомствоның банктерді, микроқаржы ұйымдарын, сақтандыру және қор компанияларын қадағалау, алаяқтықпен күресу, сондай-ақ цифрлық жүйелерді дамыту сияқты міндеттері көбейгенімен, қосымша миллиардтардың нақты не үшін қажет болғаны түсініксіз екенін атап өтілген.

Алайда ведомствоның сыртқы коммуникациялар басқармасы бастығының орынбасары әрі баспасөз хатшысы Құралай Құдайберген біздің редакцияға бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда агенттік 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Ұлттық банк есебінен қаржыландыруға көшкен.

"2024 жылғы 1 шілдеден бастап Агенттіктің қызметін қаржыландыру Ұлттық Банк бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Аталған күнге дейін Агенттікті қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізілді. Ұлттық Банктің есептілігінде көрсетілген сома Агенттіктің тек 2024 жылдың екінші жартыжылдығындағы шығыстарына қатысты, ал 2025 жылғы есептіліктегі сома толық күнтізбелік жылдағы шығыстарды көрсетеді. Аталған көрсеткіштер ұзақтығы бойынша әртүрлі есепті кезеңдерді қамтиды", – делінген агенттіктің ұстанымында.

Бөлінген қаражат қаржы секторын цифрландыру аясында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңартуға, салық заңнамасындағы өзгерістерге, сондай-ақ қызметкерлер мен ғимараттарды ұстауға жұмсалмақ.

"Агенттіктің шығыстары қаржы секторын цифрландыру шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңартумен және дамытумен, салық заңнамасының өзгеруімен, қызметкерлерді ұстаумен, Агенттіктің үй-жайларына қызмет көрсетумен, тұтынушылық кредиттеу мәселелері бойынша азаматтардың өтініштері негізінде инспекторлық тексерулер жүргізумен және т.б. байланысты", – делінген хабарламада.

Осыған байланысты ҚНРДА шығынның артуы туралы кейбір БАҚ-та жарияланған мәліметтің қате екенін ескертті.

Войдите, чтобы оставить комментарий