Қатыгездікпен өлтірілген Нұрайдың ағасы резонанс тудырған видеоға қатысты мәлімдеме жасады
Қайғылы оқиғаға қатысты желіде тараған видеоға байланысты марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Еске салайық, қызды өлтірді деп күдікке ілінген Шерхан Аймахан Нұрайды қазан айының басында Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Кейін оны туыстары мен полицияның көмегімен ғана алып шыққан. Сол сәтке қатысты бейнежазбаны бұрынғы полиция қызметкері жариялаған. Ол бұл істі тергеу барысында қызметтік салғырттық үшін жұмыстан босатылған. Бұл туралы «Жетінші арна» хабарлады.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, аталған видеоны отбасы бұған дейін де көрген әрі бұл жайында ашық айтқан.
«Тергеушінің видео түсіргенін және Нұрайды “тойдағыдай қарсы алғаны” туралы бұрыннан білетінбіз. Бірақ бұл материалды дәл қазір жариялаудың не қажеті бар екенін түсінбеймін. Бұл видео отбасымызға өте ауыр тиді. Кадрлардан Нұрайдың әрең сөйлеп тұрғаны көрінеді, бұл жүректі ауыртады. Оның ауыр психологиялық әрі моральдық күйде болғаны кез келген адамға түсінікті. Бұл видеоны кім және қандай мақсатпен таратты — бізге беймәлім», — деді ол.
Сұлтан Серікбай бұл жағдай отбасы үшін тағы бір ауыр соққы болғанын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар