«Қазақ байыса, қатын алады»: Құралай ханым өміріндегі ең ауыр кезеңді еске алды
Танымал коуч Құралай ханым психология саласына қалай келгенін айтып, жеке өміріндегі күрделі кезеңдермен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz
Ол Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында бұл жолға келуіне отбасындағы ауыр сынақтар себеп болғанын жасырмады. Коучтың айтуынша, өміріндегі түбегейлі өзгерістер күйеуінің көзіне шөп салған сәттен кейін басталған.
Құралай ханымның сөзінше, 1999 жылы күтпеген жағдай оның өмір бағытын өзгерткен. Таксиде ұмыт қалған «Подсознание может всё» атты кітапты жүргізуші қайтарып бермей, өзінде қалдыруды ұсынған. Дәл осы кітап оның сана, мүмкіндік және жеке даму тақырыптарына қызығушылығын оятқан.
— «Сол кезден бастап шетелдік психология, жетістік құпиясы, коучинг ұғымдарын зерттей бастадым. Жұмыс орнымдағы бір апай психологиялық кітаптарды жиі оқитын, соларды маған беріп тұратын», — дейді ол.
Коуч тұрмысқа шыққаннан кейін үлкен әулетке келін болып түскенін, сол ортадағы қарым-қатынастардың психологиялық қысым тудырғанын да айтты. Отбасылық келіспеушіліктер, күйзеліс пен түсінбеушілік ерлі-зайыптыларды ажырасу шегіне дейін жеткізген.
— «Ажырасуға күйеуімнің көзіне шөп салуы түрткі болды. Ол кезде, 2000 жылдардың басында, мұндай жағдай қоғамда қалыпты көрінетін. Екінші әйел алу “мода” секілді қабылданды. Отбасылық дағдарыс мені психологқа баруға, терапиядан өтуге итермеледі», — дейді Құралай ханым.
Ол сол кезеңде өзін терең тануға бет бұрып, психологиялық жұмыс арқылы отбасын сақтап қалғанын жеткізді. Кешіру шешімі оңай болмағанымен, бүгінгі күні ол бұл таңдауына өкінбейтінін айтады.
— «Мен кешірдім. Табиғатым сондай. Қазір бұл шешіміме өкінбеймін. Сол ауыр жағдайлар мені бүгінгі Құралай ханым етті», — деп түйіндеді ол.
Коучтың айтуынша, дәл сол өмірлік сынақтар оның кәсіби жолын айқындап, мыңдаған адамға бағыт-бағдар беретін маманға айналуына себеп болған.
Соңғы жаңалықтар