Қазақ ғылымы қара жамылды: танымал ғалым дүниеден өтті

26.06.2026 13:21 Әсел МҰРАТ
Қазақ ғылымы қара жамылды: танымал ғалым дүниеден өтті
283
Фото: facebook.com/Д.А.Қонаев қоры

81 жасқа қараған шағында көрнекті қазақстандық ғалым, академик Қайрат Қамалұлы Қадыржанов өмірден озды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қордың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор көрнекті қазақстандық ғалым, академик Қайрат Қамалұлы Қадыржановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қайрат Қамалұлының өмірден озуы – отандық ғылым үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін орны толмас ауыр қаза. Ол бар ғұмырын ядролық физиканы дамытуға, жас ғалымдарды тәрбиелеуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға арнады. Ғылым жолындағы ерен еңбегі, терең білімі мен биік адамгершілігінің арқасында әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне бөленді. Қайрат Қамалұлының жарқын бейнесі, ғылымға деген адалдығы, жоғары кәсібилігі және ел игілігі жолындағы өлшеусіз еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», – делінген хабарламада.

Қайрат Қадыржанов 1945 жылы 5 желтоқсанда Талдықорған қаласында дүниеге келген.

Ол – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, радиациялық физика, ядролық технологиялар және радиациялық экология салаларындағы Қазақстанның жетекші ғалымдарының бірі. Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академияның және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, сондай-ақ Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий