«Қазақмыс» 2026 жылға арналған өндіріс пен қауіпсіздік жоспарын бекітті

20.02.2026 12:00 Арман Ермеков
«Қазақмыс» 2026 жылға арналған өндіріс пен қауіпсіздік жоспарын бекітті
3
Фото: «Қазақмыс корпорациясы»

«Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған қаласында өткен басқосуда компанияның 2026 жылға арналған негізгі даму бағыттарын айқындады. Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің жетекшілігімен өткен жиынға кәсіпорын басшылары мен еңбек ұжымы қатысты, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесудің басты тақырыбы өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды. Жиында адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде немесе еңбекті қорғау талаптары бұзылған жағдайда кез келген жұмыскердің жұмысты тоқтатуға толық құқығы бар екені айтылды. Биылғы жылы бұл бағытқа инвестиция құю, арнайы киімнің бірыңғай стандартын енгізу және медициналық тексеруді автоматтандыру сияқты маңызды шаралар жүзеге асырылмақ.

Минералдық-шикізат базасын дамыту мен геологиялық барлау жұмыстарына да ерекше мән беріліп отыр. Өткен жылы бес кеніште геологиялық-маркшейдерлік аудит жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша жаңа цифрлық бағдарламаларды енгізу туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ арнайы техника паркін біріздендіріп, оларды әр үш-бес жыл сайын жоспарлы түрде жаңартып отыру көзделген. Одан бөлек ескірген ғимараттардың орнына геологиялық бөлімшелер үшін жаңа әкімшілік кешен салынбақ.

Басқосуда Орталық Азиядағы алғашқы геологиялық кластердің жұмысы да қаралды. Жезқазғандағы он төрт мың шаршы метрді құрайтын бұл кешен екі жүз адамды жұмыспен қамтиды. Оның құрамында оқу орталығы, кітапхана, зертханалар мен мұражай және ауқымды керн сақтау қоймасы орналасқан.

Биылғы өндірістік жоспарға сәйкес отыз бір миллион тоннадан астам кен өндіріліп, отыз үш миллион тонна шикізаттан мыс концентратын алу межеленіп отыр. Осы мақсатта Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлеріндегі кеніштер мен Шатыркөл-Жайсаң кластерінде даму жобалары іске қосылады. Бұл қадам өндіріс көлемін тұрақтандырып, кен орындарын пайдалану мерзімін 2052 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Экология мәселесі де корпорацияның басты назарында. Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттарында зиянды шығарындыларды азайту мақсатында газ тазалау жүйелері жаңғыртылып, екі күкірт қышқылы цехын салу жоспарланып отыр. Бұған қоса Балқаштағы зауытты жаңғыртып, жаңа кешен салу арқылы катодты мыс өндірісін жылына үш жүз мың тоннаға дейін арттыру көзделген.

Жиын соңында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселесі сөз болып, биыл бұл бағытқа он бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетіні белгілі болды. Руслан Өскенәлі компания өндірістік тұрақтылықты сақтай отырып, еңбек ұжымы алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толық орындайтынын жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий