«Қазақмыс» 2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік бағдарламасын бекітті

24.02.2026 11:23 Арман Ермеков
«Қазақмыс» 2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік бағдарламасын бекітті
3
Фото: «Қазақмыс корпорациясы»

«Қазақмыс» корпорациясы 2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жоспарын бекіткенін мәлімдеді. Бұл құжат негізгі кеніштердегі өндірістік үдерістерді, техникалық жағдайды және қауіп-қатерлерді жан-жақты талдау нәтижесінде әзірленген, деп хабарлайды Politico.kz.

Жезқазған өңірінің еңбек ұжымымен кездесу барысында компания басшылығы қауіпсіздік мәселесі басты назарда екенін жеткізді. Биылғы жылы жекелеген шаралармен шектелмей, тәуекелдермен жүйелі түрде жұмыс істеу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жұмысты ұйымдастыру тәртібіне, қызметкерлерді оқыту мен бақылау құралдарына айтарлықтай өзгерістер енгізілмек.

Өндірістің ең күрделі әрі қауіпті бөлігі саналатын жерасты жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Қауіпсіздік шаралары техниканы жаңарту және геологиялық барлау бағытымен қатар жүргізіледі. Сонымен қатар қайталанатын жұмыстар үшін стандартты операциялық рәсімдер қабылданып, адам факторынан туындайтын қателіктерді азайту көзделген. Қатаң бақылауды талап ететін факторлар анықталып, бұл талаптардың орындалуына тікелей өндірістік алаң басшылары жауапты болады.

Кәсіпорында тәжірибелік оқыту бағдарламалары кеңейтіліп, тренингтер нақты өндірістік жағдайлар негізінде өткізіледі. Әсіресе күнделікті қауіпсіздікті қадағалайтын желілік басшыларды даярлауға басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек жұмысшыларды ықтимал қауіптер туралы дер кезінде хабардар ету үшін ішкі байланыс күшейтіліп, түрлі оқыту бейнематериалдары мен цифрлық ақпарат құралдары іске қосылмақ.

Жаңа жоспар аясында ілкі жоба ретінде ауысым алдындағы медициналық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Бұл қызметкерлердің жұмысқа дайындығын бағалап, денсаулығына байланысты тәуекелдерді төмендетуге көмектеседі. Оқыс оқиғаларды талдау тұрақты үрдіске айналып, әрбір жұмыскер өміріне қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтатуға толық құқылы екені тағы да расталды. Корпорация басшылығы қауіпсіздікті күнделікті міндет ретінде қарастырып, бұл бағытта басқарушы құрамның жеке жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий