«Қазақмыс» басшысы Жезқазғандағы геологиялық кластер мен медициналық орталықтың жұмысын тексерді
«Қазақмыс» корпорациясының баспасөз қызметі басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің Жезқазған өңіріндегі геологиялық кластер мен жергілікті медициналық орталыққа арнайы жұмыс сапарымен барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Геологиялық кластерді аралау барысында компания басшысына минералды шикізат базасын толықтыруға бағытталған барлау жұмыстары мен салаға енгізіліп жатқан жаңа цифрлық шешімдер таныстырылды. Соның ішінде Qazaq Geophysics мекемесі қолданатын ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалатын лазерлік 3D сканерлеу технологиясы көрсетілді. Бұл жүйе қолжетімділігі қиын жерлерде кеңістіктік деректерді жоғары дәлдікпен жинап, жер бедері мен жерасты қазбаларының және инженерлік құрылыстардың цифрлық моделін жасауға мүмкіндік береді. Мұндай технологияларды өндіріске енгізу деформацияларды бақылауға және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізіп, жұмысты орындау уақытын айтарлықтай қысқартады.
Бұдан кейін басқарма төрағасы Жезқазған медициналық орталығына барып, ондағы емдеу сапасы мен мекеменің құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейін және медициналық қызметкерлердің жұмысын қадағалады. Мекемені аралау кезінде өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшылардың кәсіби ауруларының алдын алуға және корпоративтік денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.
Бұл жұмыс сапары заманауи технологияларды өндіріске енгізу, өндіріс тиімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмысшыларға сапалы медициналық көмек көрсетуді көздейтін компания басшылығының жоспарлы іс-әрекетінің бір бөлігі саналады.
Последние новости