"Қазақмыс" өңірлердегі спорттық жобаларға миллиардтап қаржы бөлді
Еліміздің бірнеше өңірінде "Қазақмыс" корпорациясы балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа заманауи спорт кешендерін салып, пайдалануға берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлытау облысындағы ең ірі жобалардың бірі Жезқазғандағы "Жігер" кешені болды. Оның құрылысына 8,5 млрд теңге жұмсалған. Кешенде қаладағы алғашқы 25 метрлік бассейн, көрермендерге арналған үлкен әмбебап ойын залы және гимнастикаға арналған арнайы орындар бар. Қазірдің өзінде мұнда республикалық турнирлер өтіп, жас спортшылар халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Биыл қыркүйек айында аймақта NAMYS спорт академиясы өз есігін айқара ашпақ. Үш қабатты жаңа мектеп-интернаттың құны 8,1 млрд теңгеге бағаланған. Орталық 200-ге жуық баланың кәсіби спортпен шұғылданып, жатақханада тегін тұруына және тамақтануына толық жағдай жасайды.
Ірі нысандармен қатар шағын қалалар мен ауылдарда да спорт қолжетімді бола түсті. Мәселен Сәтбаев қаласында 174,5 млн теңгеге салынған "Сұңқар" модульдік кешенінде күн сайын жүзден аса бала жаттығады. Ал Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев ауылында бой көтерген "Толағай" залында ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен айналысуына барлық жағдай қарастырылған.
Сонымен қатар Балқаш қаласында 200 млн теңгеге "Металлург" көпфункционалды залы ашылды. Бұл жоба "Қазақстан халқына" қорымен бірлесіп жүзеге асырылған және бүгінде 400-ге жуық тұрғынға тегін қызмет көрсетеді. Жамбыл облысы Шу ауданының Көкқайнар ауылында да 268,5 млн теңгеге салынған жаңа күрес және бокс кешені жұмысын бастады.
"Спорт инфрақұрылымын дамыту Қазақмыстың ұзақ мерзімді әлеуметтік саясатының бір бөлігі болып табылады. Компания спортқа салынған инвестицияны адамдардың денсаулығына, дарынды жастарды қолдауға және өзіне қатысы бар өңірлердегі өмір сүру сапасын арттыруға қосылған үлес ретінде қарастырады. Осы мақсатта әуесқой спортшылардан бастап болашақ чемпиондарға дейін дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасайды", – делінген "Қазақмыс" корпорациясының мәлімдемесінде.
Соңғы жаңалықтар