«Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі негізгі қауіпсіздік жүйелерін жаңартып жатыр
Қазақмыс «Жомарт» кенішіндегі өндірістік қауіпсіздік бағдарламасында көзделген 45 іс-шараның 40-ын орындады, – деп хабарлайды Politico.kz.
Корпорацияның хабарлауынша, бағдарламаға 2,7 млрд теңге бөлінген, қалған жұмыстар аяқталу кезеңінде.
Кенішке «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Қазақстанның жаңа төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен барды. Олар өндірістік учаскелерді аралап, жабдықтардың жай-күйін, бақылау жүйелерінің жұмысын және инфрақұрылымды жаңғырту барысын көрді.
Руслан Өскенәлі кеніш ауасын бақылау, желдету жүйесінің сенімділігін арттыру және тау-кен массивінің жағдайын қадағалау бойынша атқарылған әрі жалғасып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сондай-ақ жерасты техникасына орнатылған қауіпсіздік жүйелері туралы мәлімет берді.
Метан көбейсе, техника автоматты түрде тоқтайды
Кеніште ауаның құрамын үздіксіз бақылайтын стационарлық газ талдағыштар жұмыс істейді. Олар газ мөлшерін тәулік бойы өлшеп, деректерді бірыңғай диспетчерлік орталыққа нақты уақыт режимінде жібереді. Бұдан бөлек, кәсіпорында 130 портативті газ талдағыш қолданылады.
Өздігінен жүретін 62 жерасты техникасы метан деңгейін автоматты бақылау жүйесімен жабдықталған. Оларға стационарлық газ датчиктері – метан-реле орнатылған. Метан мөлшері белгіленген шектен асса, жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.
Желдету жабдықтарын жаңартуға 306,9 млн теңге салынды
Қазақмыс қыркүйекте кеніштің желдету жабдықтарын жаңарту жұмысын жалғастырды. Жоба аясында Korfmann маркалы 3 желдету қондырғысы мен ВМЭ сериялы 6 шахталық желдеткіш сатып алынған. 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 желдеткіш орнату жоспарланып отыр.
Желдету жабдықтарын жаңартуға салынған инвестицияның жалпы көлемі 306,9 млн теңгені құрады. Бұл жұмыс жүйенің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Кеніште өндірістік қазбаларды жеке желдетуге арналған үшінші желдету оқпанының құрылысы да жалғасып жатыр. Компания мәліметінше, ол жүйенің тұрақтылығын арттырып, жекелеген учаскелерде қажетті ауа алмасуды қамтамасыз етеді.
Жерасты қазбаларының жағдайы цифрлық жүйемен бақыланады
Кәсіпорын жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдайда жедел хабарлау жүйесін жетілдіріп жатыр. Оның жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 58 шақырым сәуле таратқыш кабель қолданылады.
2026 жылғы шілдеде тау-кен массивінің жағдайын геомеханикалық бақылауға арналған бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылған. Ол жерасты қазбаларындағы өзгерістерді тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Алынған деректер инженерлік шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылады.
Қауіпсіздік шаралары ғылыми-техникалық зерттеулермен де сүйемелденеді. Бейінді ұйымдар кеніштің газ мөлшерін, тау-кен массивін, желдету жүйесін, гидрогеологиялық жағдайларды және жұмыс қауіпсіздігіне ықпал ететін өзге факторларды зерттейді. Нәтижелері қосымша техникалық шараларды әзірлеу мен енгізуге қолданылады.
Руслан Өскенәлінің айтуынша, бақылау жүйелерін жетілдіру, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыскерлердің қауіпсіздігі үшін заманауи техникалық шешімдер енгізу негізгі міндеттер қатарында. Қазақмыс бұл жұмыстарды кешенді бағдарлама аясында кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар