Тоқаевтың ұсынысынан кейін Кремль үн қатты: Ресей Түркі мемлекеттері ұйымына кіре ме?

Тоқаевтың ұсынысынан кейін Кремль үн қатты: Ресей Түркі мемлекеттері ұйымына кіре ме?
Фото: ашық дереккөз

Кремль Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосу туралы бастамасына жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қатысуы түсінікті әрі орынды қадам болар еді. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Ведомости» басылымына берген жауабында мәлімдеді.  

Оның айтуынша, әзірге Мәскеуге ресми шақырту түспеген, алайда бұл мәселе Қазақстанмен арадағы байланыстар барысында талқылау тақырыбына айналуы мүмкін.

«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келер болсақ, ел ішінде тарихи шығу тегі бойынша түркі халықтары мекендейтін бірқатар аймақ бар екені белгілі», – деді Дмитрий Песков.   

Сондай-ақ ол ұйым жұмысына жекелеген аймақтар емес, тұтас Ресей Федерациясы ретінде қосылу мәселесі сөз болуы керектігін ерекше атап өтті.

Еске сала кетейік, 30 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен ТМҰ саммитінде Ресейді ұйым құрамына енгізуді ұсынған болатын. Оның пікірінше, ірі мемлекет саналатын Ресей ғасырлар бойы түркі әлемімен тығыз байланыс орнатып келеді және оның ұйымға қатысуы барлық мүше елдер үшін пайдалы болмақ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу