«Қазақмыс» жұмыскерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етті
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда, деп хабарлайды Politico.kz.
Таяуда компания қызметтік пәтерлерді өңірлердегі жұмыскерлердің меншігіне өткізді.
Бағдарламаның осы кезеңінде 13 пәтердің меншік құқығы рәсімделді. Сегіз пәтер Балқаш қаласында, бес пәтер Жезқазған өңірінде орналасқан. Бағдарлама қызметтік тұрғын үйде тұратын және әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жататын жұмыскерлерге бағытталған. Салық пен міндетті төлемдерді толығымен компания өтеді. Осылайша қызметкерлерге баспананы қосымша қаржылық жүктемесіз иеленуге мүмкіндік берді.
Компания осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Соңғы бірнеше жыл ішінде жұмыскерлерге 90-нан астам пәтердің кілті табысталды. Екінші тоқсанда тағы 23 пәтерді жеңілдетілген шартпен сату, сондай-ақ Балқаш қаласындағы жұмыскерлерге қызметтік баспаналар беру жоспарланып отыр.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – компанияның өз қызметкерлерін қолдауға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі саясатының бір бөлігі.
Соңғы жаңалықтар