40 жылға жуық үзілістен кейін Қарағайлыда жаңа ағаштар отырғызылды
Қарағайлы кенті мен байыту фабрикасының аумағына 400 ағаш пен бұта көшеті отырғызылды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Қазақмыс» корпорациясының мәліметінше, көгалдандыруды фабрика жұмыскерлері ұсынып, компания басшылығы қолдаған.
Еңбек ұжымының өтініші «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәліге жеткізілген. Осыдан кейін компания көшеттерді сатып алып, отырғызу жұмысын ұйымдастырған. Бастама «Жасыл ойындар» экологиялық акциясы аясында қолға алынған.
400 көшеттің 300-і кентке, 100-і фабрика аумағына отырғызылған. Олардың арасында үйеңкі, қайың, бөртегүл, көктерек, мойыл, шетен және бөріқарақат бар. Жұмысқа фабрика жұмыскерлері, әкімдік өкілдері, жергілікті тұрғындар мен мердігер ұйымның мамандары қатысқан.
Кентте көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары төрт жерде жүріп жатыр. Олар – Мәдениет үйінің маңы, Қарағайлының кіреберісі, 18-орам және мешіт маңы. Ағаш отырғызумен бірге қоршау орнату және көшеттерді суаруға арналған су құбырын тарту қарастырылған.
Қазақмыстың хабарлауынша, тұрғындар кентте соңғы 40 жылға жуық уақыт бойы жаңа ағаш отырғызылмағанын айтқан. Қазір қалыптасып жатқан жасыл аймақтарды кейін күтіп-баптау үшін жергілікті әкімдіктің балансына беру жоспарланған.
Компания бұл бастаманың аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының міндеттеріне сай келетінін мәлімдеді. Корпорацияның түсіндіруінше, жаңа жасыл аймақтар шаң-тозаңды азайтуға, микроклиматты жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазақмыс жобаны жұмыскерлер ұсынысының қолдау тауып, кенттегі нақты өзгеріске ұласуының мысалы ретінде келтірді. Компания еңбек ұжымымен тікелей диалогты кәсіпорындар мен өзі жұмыс істейтін өңірлердің даму мәселелерін шешудің маңызды құралы деп санайды.
Корпорация мәліметінше, көгалдандыру – компания жұмыс істейтін өңірлерді жүйелі түрде абаттандыру жұмысының бір бөлігі. Мұндай жұмыстар басқа өңірлерде де жүріп жатыр.
Ұлытау облысында қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға арналған өтемдік шаралар аясында 5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Жұмыс Жезқазған – Сәтбаев автожолының бойында және Батыс тұрғын ауданындағы қорғаныш орман белдеуінде жүргізіледі.
Соңғы жаңалықтар