Қазақстан әскеріндегі қылмыс пен өлім-жітім статистикасы жарияланды
Елімізде соғыс болып жатпаса да әскер қатарындағы сарбаздардың қапияда ажал құшып жарақат алу деректері тыйылмай тұр, деп хабарлайды Ranking.kz сараптамалық порталы.
Порталдың мәліметінше бұқаралық ақпарат құралдарында ай сайын дерлік әскерилердің қазасы немесе мертігуі туралы жаңалықтар жарияланып тұрады. Қорғаныс министрлігінің шенділері суицид пен оққа ұшу оқиғаларына қарамастан ведомствоға ешқандай реформа қажет емес деп санайды. Алайда жыл басында Түркістан газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайтынын айтып әскери бөлімдердегі тәрбие жұмысының ақсап тұрғаны үшін министрлікті қатаң сынға алған болатын.
Әскердегі адам өліміне әкеп соқтыратын құқық бұзушылықтарды әскери қылмыстар және суицид деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті берген дерекке сүйенсек соңғы бірнеше жылда елімізде жыл сайын 132 мен 236 аралығында әскери қылмыс тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш шарықтау шегіне жетіп бес жыл ішінде екі есеге жуық өссе биылғы бірінші тоқсанның өзінде 140 қылмыс тіркеліп 75 пайызға көбейіп кеткен.

Былтырғы статистиканы 2024 жылмен салыстырғанда қылмыс саны 176–дан 236–ға дейін артып отыр. Оның 83 жағдайы әскерилер арасындағы жарғылық қарым–қатынас ережелерін бұзуға тиесілі болса билікті асыра пайдалану бойынша 75 және қызметке салғырт қарау бойынша 29 қылмыстық іс қозғалған. Өткен жылы тек 80 қылмыстық істің құжаты сотқа жетіп оның 18–і ғана әскердегі әлімжеттікке қатысты болды. Бір жыл ішінде 163 адам әскери қылмыс жасады деген күдікке ілініп олардың дені 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар болып шықты. Әлімжеттік жасады деген күдікке ілінген 79 адамның 61–іне қатысты іс түрлі негіздер бойынша жабылып тек 18 сарбаз сот алдында жауап берген.

Жалпы 2020 жылдан бастап биылғы сәуір айының басына дейін әскери қылмыстардан 1,4 мыңға жуық адам зардап шегіп оның 47–сі қапияда көз жұмды. Биылғы бірінші тоқсанның өзінде 240 сарбаз жәбір көріп бұл бүкіл өткен жылғы көрсеткіштен асып түсті. Қылмыстың құрбаны болатындардың басым бөлігі 20 жасқа дейінгі бозбалалар екені анықталды. Жыл сайын әскери қылмыстардың салдарынан бірнеше қайғылы жағдай тіркеледі, олар көбіне қызметке салғырт қарау, көлік жүргізу ережелерін бұзу, билікті асыра пайдалану және қаруды қолдану ережелерін бұзу баптарымен сараланады.

Әскердегі апай–топай жағдайлардың тағы бір үлкен себебі суицидпен байланысты. 2020 жылдан бері қазақ әскерінде 89 адам өзіне қол жұмсаса оның басым бөлігі келісімшарт бойынша қызмет ететіндерге тиесілі. Ал мерзімді қызметтегі сарбаздар арасында жыл сайын 3 пен 7 адам аралығында өзіне қол жұмсау дерегі тіркеледі. Биылғы алғашқы үш айдың өзінде 4 қазақстандық отбасы әскердегі қиындықтар мен қорлыққа шыдамай өмірімен қоштасқан балаларын қара жерге тапсыруға мәжбүр болды. Өкінішке қарай суицид жасаған сарбаздардың басым бөлігінің өлім себебі беймәлім күйінде қалады, тек санаулы жағдайлар ғана психологиялық қысым мен әлімжеттіктің салдары ретінде тіркелген.

Соңғы жаңалықтар