Қазақстан Ресейдің үш аймағында мектеп салады

29.05.2026 12:06 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан Ресейдің үш аймағында мектеп салады
285
Иллюстрация/Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Қазақстан Ресейдің Орынбор, Омбы және Астрахан қалаларында жаңа мектептер салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін Мәскеу Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында үш білім ордасын тұрғызу туралы бастама көтерген болатын. Бұған жауап ретінде қазақстандық тарап та көрші елдегі үш аймақты таңдап, тиісті жұмыстарды бастап кетті.

«Осыған орай біз Орынбор, Омбы және Астрахан қалаларында мектеп салу туралы ұсыныс жасадық, Орынбормен жер телімі келісілді, ал қалған екеуі бойынша жұмыстар жүріп жатыр, бәрі дайын болған кезде келісімге бір уақытта қол қоямыз», – деді Серік Жұманғарин.

Жаңа білім беру мекемелері аралас форматта жұмыс істейтін болады. Яғни, онда оқитын балалар қазақ және орыс тілдерін қатар меңгереді. Жобаны жақын арада жүзеге асыру көзделген.

«Келісімге қол қойылған бойда құрылысты бастаймыз, ғимаратты бір немесе ең арысы бір жарым жыл ішінде толық салып бітіреміз», – деді вице-премьер.

Айта кетейік, осы жылдың ақпан айында Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында екі елдің бірлескен мектептерін ашу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий