Қазақстан жасанды интеллектті қалай қолданады: Боттар әкімдердің орнын баспақшы ма?

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚАЗАҚСТАНДЫ ЦИФРЛЫ АВТОРИТАРИЗМГЕ ӘКЕЛМЕЙ МЕ?
Жақында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік органдар мен қызметшілерді жасанды интеллектімен алмастыру керек деп бірнеше мәлімдеме жасады. Оның мәлімдемелері ақпараттық кеңістікте кең тарағанымен қоғамда қызу талқыға түспеді. Себебі қоғам жасанды интеллектінің шынайы әлеуеті, мүмкіндіктері мен қауіп-қатері қандай екенін әлі түсінбеген. Ал мемлекет жасанды интеллектіні жылдам енгізіп жатыр. Мұның себебі не? Жасанды интеллектіні енгізудің саяси тәуекелдері бар ма?
Экономикалық өсім бе, әлде цифрлы авторитаризм?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдан бері жасанды интеллектіні енгізу туралы бастама көтеріп келеді. Алғаш рет бұл туралы Астана қаласында өткен «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында айтқан. Содан бері 2 жыл ішінде жасанды интеллектіні енгізу бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Жақында жаңа заң қабылданбақ. Бұдан бөлек инфрақұрылым қалыптасуда. Биыл Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер сатып алынды.
Үкімет не үшін жасанды интеллектіні осылай жылдам енгізуде? Экономикалық өсімнің артында цифрлы авторитаризм тұрған жоқ па?
2024 жылы шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дайындаған «Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Онда жасанды интеллектіні енгізудегі стратегиялық мақсат экономиканың индустриалды және технологиялық дамуын қамтамасыз ету екені жазылған. Бірақ жасанды интеллект цифрлы авторитаризмге әкелуі мүмкін.
Цифрлы авторитаризм биліктің интернет пен цифрлық технологияларды халықты бақылау, қадағалау, цензуралау мақсатында пайдалануынан көрініс табады. Әдетте демократияландыру процесі тұралап қалған мемлекеттерде жасанды интеллектіні енгізу өте қауіпті. Билік цифрлы технологияларды интернетті баяулату немесе бұғаттау арқылы наразылық акцияларын басуға қолдануы мүмкін. Бұдан бөлек ақпараттық кеңістікке бақылау күшеюі ықтимал. Сондай-ақ бото-фермалардың белсенділігі артады.
Қазақстан мұндай жолды таңдамауы мүмкін. Себебі жасанды интеллектіні реттейтін жаңа заң қабылданбақ. Заң болмаса халықта күмән да артар еді.
Дегенмен былтыр қабылданған тұжырымдамада саяси қауіпсіздік мәселесі көтерілмеген. Жасанды интеллектіні енгізуде тек техникалық, этикалық, құқықтық және әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері бар екені жазылған. Саяси қауіпсіздік мәселесі мемлекет үшін өте маңызды. Өйткені жасанды интеллектіні билік немесе өзге де билікке таласушы саяси топтар өз мақсатында қолдануы мүмкін. Сондықтан жаңа заңда саяси тәуекелдер де ескерілуі тиіс.
Жасанды интеллектіні енгізу Тоқаевтың жеке жобасы болуы мүмкін
Соңғы онжылдықта әлемде жасанды интеллекті жылдам дамып келеді. Мемлекеттер арасында технологиялық бәсекелестік те артуда. Әсіресе АҚШ пен Қытай өзге елдерден алға шықты. Олар арасындағы технологиялық бәсекелістік жасырын саяси текетіреске айналуда.
Бұл әлемдік тенденциядан Қазақстанда тыс қалмақ емес. Мемлекет басшысының ресми мәлімдемелерін талдасақ, Қазақстанды ЖИ саласында Орталық Азия аймағының көшбасшысына айналдыруды көздеп отырғанын байқаймыз. Аймақта көшбасшылық позицияда болу сыртқы саяси тұжырымдамада да жазылған.
Көшбасшылық бізге не береді? Инвесторлар халықаралық рейтингтерде жоғары орында тұрған мемлекеттерге барады. Сол үшін Үкімет жасанды интеллектіні жылдам енгізуге тырысуда.
Екіншіден, жасанды интеллектіні енгізу Тоқаевтың жеке жобасы болуы мүмкін. Оның билігі 7 жылдық бір мерзіммен шектелген. Тарихта тұлғаның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстанды цифрлық алпауытқа айналдыру арқылы ел тарихында қалуды алдына мақсат етіп қойған шығар. Президенттің осыған ұқсас жобасы «Таза Қазақстан» да жүзеге асуда.
Үшіншіден, жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрлық қауіпсіздік мәселесін реттеу. Биыл сатып алынған суперкомпьютер еліміздегі бүкіл деректер базасын орталықтандырады. Мемлекеттік және әр азамат туралы ақпарат бір орталыққа жиналып басқарылады. Деректер шашыраңқы болғандықтан соңғы жылдары интернет алаяқтық, азаматтардың деректерін сату секілді фактілер жиі шығуда. Біздің ойымызша алдағы уақытта мұндай суперкомпьютерлер тағы сатып алынуы мүмкін.
Б. Базарбектің риторикасының саяси астары болуы мүмкін
Депутат Бақытжан Базарбек саясаттанушы Сырым Итқұловқа берген сұхбатында, Мәжіліс қабырғасындағы мәлімдемелерінде мемлекеттік органдар мен қызметшілерді жасанды интеллектімен алмастыру керек деген пікірін жиі айта бастады. Оның риторикасы биліктің үні, қоғам мен мемлекеттік институттарға жолданған месседжі болуы мүмкін.
Egov-ті енгізу мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтып, жемқорлықты тежеді. Ал жасанды интеллект тұтас саяси институттарды алмастыруы мүмкін. Демек болашақта цифрлы технологиялар мемлекеттік аппаратты ықшамдауға түрткі болады. Яғни депутаттың риторикасы жай саяси сандырақ емес.
Бұл месседжді мемлекеттік аппарат мен қоғам әлі толық түсіне қоймады. Біз ақпараттық кеңістікті бақылау арқылы осындай қорытындыға келдік. Жасанды интеллект бойынша жаңа заң жобасы да, Б. Базарбектің мәлімдемелері де қоғамда қызу талқыға түспеді. Оның сөзін қолдайтын немесе қолдамайтын қоғамдық пікір әлі қалыптаспады.
Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
Соңғы жаңалықтар





