Қазақстанда алғашқы АЭС салу үшін «Росатом» құрылымымен келісімшарт жасалды

03.09.2026 09:42 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда алғашқы АЭС салу үшін «Росатом» құрылымымен келісімшарт жасалды
427
Иллюстрация/Фото: depositphotos.com

Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын (АЭС) жобалау және салу туралы келісімшарт бекітілді. Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.

Құжатқа екі жақтан жауапты компаниялар қол қойды. Олар – «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны «Атомстройэкспорт» АҚ.

Ресми рәсімге Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты. Ресей тарапынан «Росатом» корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв болды. Бұл оқиға АЭС құрылысының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, енді тараптар қажетті рәсімдерді жүзеге асыруға кіріседі. Бұл жұмыстар 2026 жылғы 28 мамырда жасалған үкіметаралық келісім негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ жобаны Қазақстан Үкіметімен келісу шаралары атқарылады.

АЭС құрылысы ел үшін стратегиялық маңызға ие. Экономика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, цифрландыру және жасанды интеллект дамыған сайын елдің электр энергиясына деген қажеттілігі арта түседі. Атом энергетикасы алдағы онжылдықтарда осы сұранысты тұрақты базалық қуатпен өтей алады.

Ведомство таратқан ақпаратта жергілікті қамту мәселесіне ерекше назар аударылатыны айтылған. Құрылыс барысында қазақстандық кәсіпорындар, мамандар, тауарлар мен қызметтер барынша көп тартылмақ.

Жалпы алғанда, бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған. Құрылыс барысы отандық өнеркәсіпті дамытып, жаңа өндірістерді игеруге және атом саласы үшін ұлттық кадрлық резервті қалыптастыруға жаңа серпін береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий