Қазақстанда жаңа мереке – Тазы мен төбет күні алғаш рет аталып өтіп жатыр
Бүгін Қазақстанда жаңа мереке – Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Бұл туралы ел президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары қазақы ит тұқымдарын сақтап, көбейту ісі қолға алынды. Нәтижесінде еліміз Халықаралық кинология федерациясына мүше болып, 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде мойындалды. Осылайша, Қазақстан бұл тұқымның шыққан жері ретінде ресми бекітілді.
Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы арнайы заң да күшіне енді. Қазіргі уақытта Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Мұндай жүйелі жұмыстардың арқасында асыл тұқымды иттерді көбейту ісі қарқын алып, тазы асырайтындар қатары артқан.
Бүгінде құмай тазыларымыз ірі әлемдік көрмелерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Жеті қазынаның бірі саналатын құмай тазы – ептілік пен тектілік ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы. Ғасырлар бойы көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет адамдарды тарихпен және ата-баба дәстүрімен тығыз байланыстырады.
Президенттің баспасөз хатшысы тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау Ата заңымызда құндылық ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа мерекені атап өту бірегей мұрамызды бүкіл әлемге дәріптеуге үлкен септігін тигізеді.
Соңғы жаңалықтар