Қазақстандағы саяси партиялардың шынайы мақсаты - билікке жету ме, әлде қоғамдық мүдделерді қорғау ма?

Қазақстандағы саяси партиялардың шынайы мақсаты - билікке жету ме, әлде қоғамдық мүдделерді қорғау ма?
04.06.2025 12:48
0
243
Коллаж: POLITICO.KZ

Саяси партиялар – тек сайлау үшін бе?

Қазақ қоғамында және сарапшылар қауымында еліміздегі саяси партиялар туралы түрлі көзқарас қалыптасқан. Бір тарап сынап жатса, екіншілері жағымды тұстарын айтады. Партияларды сынайтындар көп екені ешкімге құпия емес. Бірақ бәрі де мына көзқарасты қолдайды. Қазақстандағы саяси партиялар тек сайлау алдында ғана белсенді жұмыс істейді. Ал одан кейін үнсіздік. Біз шынында да осындай ма деген сұраққа жауап іздедік. 

Қазіргі Мәжіліс бұрынғысынан несімен ерекше?

2023 жылы елімізде кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтті. 19 наурызда сайлаудан кейін Мәжілістің VIII шақырылымы жасақталды. Депутаттар аралас сайлау жүйесі арқылы сайланды. 70% пропорционалды – партия тізімімен, ал 30% мажоритарлы – бірмандатты округтер бойынша. 
Егер қазіргі шақырылымды алдыңғыларымен салыстыратын болсақ. белсендірек екенін байқаймыз. Ол үшін Мәжілістің ресми сайтына көз жүгірттік. Онда әл шақырылым мен сессияның жұмыс қорытындылары жарияланады. 
Парламенттің негізгі қызметі заң шығару. Кейбір сарапшылардың тілімен айтқанда «Ескі Қазақстанда» Үкімет көбірек заң жобаларын ұсынатын. Осылайша билік тармақтарының ішінде атқарушы орган өзгелерінен үстем болды. Бұл жағдай қазір өзгерді ме деген сұраққа жауап алу үшін депутаттардың бастамасымен қабылданған заң жобаларын қарадық. 
VIII шақырылым депутаттары алғашқы сессияда (2023 ж. 29 наурыз-30 маусым) 33 заң жобасын өздері жазған. Ал екінші сессияда (2023 ж. қыркүйек-2024 ж. маусым) 37-ге өскен. Үшінші сессия әлі жұмысын аяқтаған жоқ. Дегенмен бірінші жарты жылдықта (2024 ж. қыркүйек-желтоқсан) 7 заңды дайындап үлгерген. Сонда екі жылда 77 заңға бастамашыл болған екен. 
Енді қазіргі депутаттардың жұмысын VII шақырылыммен салыстырайық. Өткен шақырылымдағы Мәжіліс 2021-2023 жылдары әрекет етті. Алайда екі жылда бар болғаны 56 заң жобасын өздері дайындаған. Бұған не себеп болды деген сұраққа дөп басып жауап беру қиын. Түрлі факторлар әсер етті. Олардың ішінде ең маңыздысы билік транзиті. Екіншіден ескі сарынмен жұмыс істеу. 2019 жылы басталған билік транзиті мен 2022 жылғы саяси дағдарыс VII шақырылымның таратылуына себеп болды. 

Бірпартиялы жүйеден арылдық па?

Сарапшылардың бір бөлігі «көппартиялы» десе, екіншілері «бірпартиялы» дейді. Ал біздің ойымызша «біржарым партиялы» жүйе қалыптасуда. Рас 1995 жылға дейін бірпартиялы жүйеде өмір сүрдік. Жоғарғы кеңестің 12 және 13 шақырылымында Коммунистік партияның үстемдігі сақталды. 
Жоғарғы кеңес таратылғасын қысқа уақыт көппартиялы жүйе болды. Алайда 1999 жылы «Отан» партиясының құрылуы елді қайтадан бірпартиялы жүйеге әкелді. 2022 жылға дейін Парламентте оппозициялық партиялар болғанымен олар саяси шешім қабылдауға ықпал ете алмады. Себебі «Отан» уақыт өте келе «Nur Otan» партиясына айналып, саяси монополия қалыптастырды. Ал бәсекелестік болмаған жерде даму мүмкін емес. Кейбір сарапшылар осы кезеңді «біржарым партиялы» жүйе деп атайды. Бірақ саяси монополия қалыптасқан кезде тек бірпартиялы жүйе өміршең. 

Аралас сайлау тек билеуші партияға оң әсер етті

2023 жылғы сайлаудан кейін шынайы «біржарым партиялы» жүйе қалыптасуда. Яғни билеуші «AMANAT» партиясы өзгелерге қарағанда белсенді жұмыс істеуде. 2022 жылдан бері жүйелі түрде саяси реформа жасалуда. Алайда не үшін өзге партиялар белсенді емес? 
Қазір елімізде 7 партия ресми тіркелген. Оларға «AMANAT», «Ақ жол», ҚХП, «Ауыл», ЖСДП, «Respublica» және «Байтақ» партиялары кіреді. «Yntymaq» партиясын ресми тіркеу туралы бастама 2024 жылдан бері көтерілуде. Бірақ әзірге тіркелмеген. 
2023 жылы сайлауда Мәжіліске «AMANAT», «Ақ жол», ҚХП, «Ауыл», ЖСДП, «Respublica» партиялары енді. Алайда енгзілген аралас сайлау тек «AMANAT» партиясына оң әсер етті. Қалған партиялар өкінішке орай әлі билеуші партияның көлеңкелері. Мұны фракциялар бастамашыл болған заң жобаларынан-ақ байқаймыз. Мысалы, бірінші сессиядағы 37 заң жобасының 33-і аманаттықтарға тиесілі. Заң жобалары келесі мәселелерді қамтыған:

  • «Онлайн платформалар және онлайн – жарнама туралы»;
  • «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы»;
  • «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыру; 
  • Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері және т.б. 

Билеуші партия қалайша белсенділігін арттырды? Депуттық құрамын жаңарту арқылы. Партия тізімін ғана емес, бірмандатты округтерден ұсынған депутаттар да өте белсенді, азаматтық ұстанымы бар. Әрине сырт көзге аманаттықтардың ұсыныстары мен мәлімдемелері популизмге ұқсауы мүмкін. Бірақ жоғарыда атап өткен заң жобалары халық үшін маңызды екенін ескерген жөн. Сондықтан аманаттықтар партиялар тек сайлау алдында ғана жұмыс істейді деген пікірді жоққа шығаруда. Әрине бұл екі жылдық жұмыстары. Алдағы уақытта осы қарқынды сақтай ала ма? Мұны уақыт көрсетеді. 
Ал қалған 5 фракция бар болғаны 4 заң жобасын ұсынған. Белсенділігі өте төмен. Ресурстың аз болғанынан белсенді жұмыс істей алмай жатыр деп те айта алмаймыз. Қолда бар ресурспен де тиімді жұмыс істеуге болады. Партияның демеушілерінен бөлек бюджеттен сайлауда берілген дауыс үшін қаражат түседі. 

Орталық күшейгенімен өңірлер ақсап тұр

Дегенмен Мәжілістің жұмысы күшейгенімен өңірлер ақсап тұр. Мұндай жағдай барлық партияда байқалады. Аймақтардағы жұмыс деңгейін білу үшін әр партияның ресми сайтын талдадық. 
Елімізде тіркелген 7 партияның сайттарын талдап бәріне ортақ мынадай кемшілікті анықтадық. Партиялар шектен тыс орталықтанған. Яғни партиялық жұмыста өңірлерден гөрі орталыққа мән береді. Бұл әсіресе Мәжілістегі 6 партиядан байқалады. Партиялардың өңірлердегі филиалдарының жеке сайты жоқ. Ортақ сайт болғанның өзінде сонда әр филиалға жеке орын берілуі тиіс. Бірақ біз оны көрмедік. 
Мысалы, билеуші «AMANAT» партиясының 3 ірі қала мен 17 облыста да филиалдары бар. Сайтта әр филиал басшысы туралы ақпарат қана бар. Бірақ өңір жаңалықтары жеке көрсетілмеген. Ал «Ақ жол» партиясының сайтында әр аймақпен байланыс жолдары көрсетілген. Өңір жаңалықтары жеке беріледі. Өзге партиялардан артықшылығы осында. Жаңалықтар жиі жаңарып тұрады. Партияның барлық өңірде филиалдары бар. 
Басқа 5 партияның да барлық өңірде филиалдары бар. Әр филиалдың басшылығы, байланыс жолдары, әлеуметтік желілері бар. Алайда белсенділік өте төмен. Басымдық жоғарыда атап өткеніміздей орталыққа берілуде. Өңірлердегі филиалдардың белсенділігі келесі сайлау жақындаған тұста ғана артуы мүмкін. 

Автор: Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий