КТК телеарнасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дивиденд төлемейтін болды

12.06.2026 17:32 Абзал БАХЫТЖАНОВ
КТК телеарнасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дивиденд төлемейтін болды
209
Фото: rbk.ru

28 мамырда өткен жиналыста КТК телеарнасының акционерлері 2025 жылғы шығындарға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қорына дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы kursiv.media-ға сілтеме жасап Politico.kz хабарлайды.

2025 жыл телеарна үшін қаржылық шығынмен аяқталып, компания өткен жылғы таза табысты бөлмейтін болды. Осыған орай, жай акциялар бойынша төлемдерді жүзеге асыру толығымен тоқтатылды. Директорлар кеңесінің мүшелері, бас директор мен басқарма құрамы да жыл қорытындысы бойынша ешқандай сыйақы алмайды.

Дегенмен, тек басымдыққа ие акциялардың иелеріне ғана шағын төлем жасалады. Қаржылық есептілік депозитарийіне (ҚЕД) жолданған құжатқа сәйкес, бұл қаражат былтыр жинақталған қордан бөлінеді. Әр акцияның құны 100 теңге көлемінде бағаланған. Компания жарғысы бойынша КТК-да мұндай 500 акция тіркелгенін ескерсек, жалпы төлемнің көлемі небәрі 50 мың теңгені құрайды.

Қаржылық жағдай аясында акционерлер аудиторлық ұйымды да ауыстыруды мақұлдады. Енді алдағы үш жылда (2026-2028) телеарнаның қаржылық есептерін «Kaz Audit Finance» компаниясы бақылайды. Оған қоса есеп комиссиясының құрамы жаңартылып, ұжымға үш жаңа маман қосылды.

Egov жүйесіндегі ресми мәліметке сүйенсек, телеарнаның 105 құрылтайшысы бар. Әзірге ҚЕД сайтында 2025 жылдың толық қаржылық есебі жарияланған жоқ, алайда бұған дейінгі жылдардағы көрсеткіштер айтарлықтай табысты болған. Екі жыл бұрын таза пайда 67,4 млн теңгені, ал 2023 жылы табыс 64,9 млн теңгені құраған еді. Компанияның тауар мен қызмет өткізуден түскен табысы 5,7 млрд теңгеге жетіп, қызметтердің өзіндік құны 4,7 млрд теңгені, жалпы табыс 970,2 млн теңгені көрсетті. Компанияның салық төлеуге дейінгі пайдасы 94,9 млн теңге болған.

Айта кетейік, КТК телеарнасы Нұрсұлтан Назарбаев қорына 2022, 2023 және 2024 жылдары да ешқандай дивиденд төлеген жоқ. Ал қордың өзі 2000 жылы экс-президенттің жеке бастамасымен құрылып, оның негізгі жұмысы дарынды жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды ілгерілетуге, сондай-ақ бәсекеге қабілетті сараптамалық-талдау орталығын дамытуға бағытталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий